Мәжіліс спикері Польша президентімен кездесті

0
59

6 қыркүйек Қазақстан Парламенті төменгі палатасы Мәжілістің төрағасы Нұрлан Нығматулин Польша Президенті Анджей Дудамен кездесті.

Н. Нығматулин кездесуде Қазақстан-Польша серіктестігі дамуының маңыздылығы туралы айта келе, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2016 жылы Польшаға
жасаған мемлекеттік сапарының екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға айтарлықтай серпін бергенін атап өтті. Мәжіліс спикері, былтырғы мемлекеттік сапар барысында президенттердің экономикалық ынтымақтастық туралы декларация қабылдап, жалпы алғанда 900 млн АҚШ доллары көлеміндегі 15 инвестициялық жобаға қол қойғанын еске салды.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Н. Нығматулин мен А. Дуда барлық салада әсіресе, сауда-экономикалық және білім беруде өзара ынтымақтастық құрудың әлеуеті жоғары екенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан мен Польшаның Батыс Еуропа мен Азия бағытында тасымалданатын тауар көлемін ұлғайту мақсатындағы транзиттік мүмкіндіктерді талқылаған сасаткерлер ғаламдық мәселелерді шешудегі екі жақты ынтымақтастық туралы да сөз қозғады.

Қос тарап халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесінің Астанада өткізілуінің маңыздылығын атап өтті. Парламентаралық ынтымақтастыққа да баса назар аударылды. Н.Нығматулин қазақстандық парламентарийлер Қазақстан мен Польша президенттерінің өзара қол жеткізген барлық уағдаластықтарына заңнамалық қолдау білдіретінін атап өтті.

Мәжіліс спикері, сондай-ақ, парламентаралық топтардың өзара ынтымақтастығын жанғыртудың маңыздылығын да атады. Н. Нығматулиннің айтуынша, қазақстандық депутаттар Польшаның көлік және қалалық инфрақұрылымды дамыту саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр.

Кездесу соңында Мәжіліс төрағасы Польша президентінің Қазақстанға жасаған сапарының екі елдің, оның ішінде, парламентаралық деңгейде өзара ықпалдастықты нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз