13-сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласы “Қазмедиа” орталығында “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” оқушылары арасында “КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР ЛИГАСЫНЫҢ” финалдық ойыны өтті. Бұл туралы KAZAKNEWS тілшісі хабарлады.
KTL ойындары қалай басталды?
Осымен екінші жыл ұйымдастырылған KTL (Көңілді тапқырлар лигасына) финалдық ойындарына әр аймақтан іріктелген “Білім-инновация” лицейлерінің оқушылары қатысты.
KTL ойындары туралы пікірін білу үшін Нұр-Сұлтандағы “Білім Орда” қорына қарасты “NURORDA” мектеп-лицейінің директоры Ержан Әубәкіровпен сөйлескен болатынбыз.
“Көңілді тапқырлар лигасының мақсаты оқушыларымызды тек академиялық біліммен ғана шектемей шығармашылық тұсын да шыңдау үшін ұйымдастырылған жоба. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жыл санап сапа да жетіліп келеді. Аймақтық жарыстан сүрінбей өткен үздік 6 команда бүгін финалдық ойында бақ сынады. Алдағы уақытта да кәсіби түрде жалғасын таба бермек”, – деді ол.
Қандай командалар бақ сынады?
Финалдық ойынға аймақтық кезеңнің және 2-кезеңнің жеңімпаз командалары, барлығы 6 команда қатысты. Олар: Семей “Білім-инновация” лицейінің командасы – “Sbil Gates”, Қызылорда ұлдар БИЛ – “Brand”, Алматы қыз БИЛ – “Сол баяғы Алқыз”, Қарағанды ұл БИЛ – “Көңілді Қытырлақтар”, Ақтөбе БИЛ – “Бірдеңе бірдеңе” және Сүлейман Демирель колледжі – “Жалынды Әгүршіктер”.
Антарктидадағы БИЛ туралы не білеміз?
Антарктидадағы БИЛ туралы көрерменге “Сол баяғы Алқыз” командасы айтып берді. Мектепті тәмамдап суық мекенде лицей ашуға аттанған оқушылардың көрінісі ойындағы ерекше сәттердің бірі болғандай.
Әділ қазылар алқасынан бірер сөз
Әлішер Утев өткен жылдан сапаның әлдеқайда артқанын байқап, ойыншыларды бір қуантып алды.
Алматы БИЛ түлегі, “RINGO” тобының әншісі Аян Бірбаев ойыннан ерекше әсер алғанын, кезінде лицейде болған естеліктерін көрерменмен бөлісті. Оқушыларға кейбір сәтті еске салғаны үшін рахметін жеткізіп, БИЛ ұстаздарына алғыс айтты.
KTL ойнаған 11 сынып оқушыларына 3 университет грант берді
Әділ қазы құрамының мүшелері әр командадағы 11 cынып оқушыларына университет грантын табыстады. Атап айтсақ, оқушылар “Астана” халықаралық университеті, Сүлейман Демирел университеті, Еуразия Технологиялық университетінің грантын иеленді.
Кім жеңімпаз атанды?
Әділ қазылар алқасының шешімімен үздік шыққан Семей “Білім-инновация” лицейінің “Sbil Gates” командасы ауыспалы кубок пен 300 мың теңгенің иегері атанды. Естеріңізге салсақ, бұл команда өткен жылы да оза шауып чемпион болған еді.
Жеңімпаз анықталған тұста “Sbil Gates” командасының белсенді ойыншысы, Сүлейман Демирел университеті журналистика кафедрасының грантын жеңіп алған Бақнұр Ермеков қуанышымен бөлісті.
“Жауапты ойынға 2 ай дайындалдық. Мойымай, қиындықтардың барлығын еңсеріп бүгін чемпиондыққа қол жеткіздік. Біз үшін қолдан келмейтін нәрсе жоқ. Әділ қазылар екінші рет чемпиондықты бермейді деген де қисынсыз. Бір жағынан әділ қазыларға қалыптасқан стереотипті бұздық деп ойлаймын. SDU-ға грант алдым. Көңіл-күй керемет. Бірақ, өзім кино актері болғым келеді. Журналистика мамандығы да бұйрық шығар”, – деді 11 сынып оқушысы.
Республикалық көлемде өткен іс-шара осылайша өз мәресіне жетті.
Abdimanap KENES