Қызметіне кіріскен Зеленский бірден парламентті тарататынын айтты

0
101
Украина президенті Владимир Зеленский.

20 мамырда Украина парламентінде Владимир Зеленский халыққа адал қызмет етуге ант етіп, ел президенті қызметіне кірісті. Ұлықтау рәсімінде сөйлеген Зеленский жоғарғы раданы (парламент) тарататынын айтты.

Инаугурациядан соң сөйлеген Зеленский Украинадағы әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Ол “Үкімет біздің мәселені шешпейді. Үкіметтің өзі – біздің мәселеміз” деген цитатаны келтіріп, “Парламентте келешек ұрпақтың қамын ойлайтындар ғана отыруы керек” деді.

Жаңа перзидент парламенттен депутаттардың тиіспеушілік мәртебесін алып тастауды, Украина қауіпсіздік қызметінің басшысын, қорғаныс министрі мен бас прокурорды қызметінен кетіруді сұрады. Зеленский депутаттарға “Бұл үшін сіздерге екі ай беріледі” деді.

Ол Украинаның Еуропаға бет бұратынын айтты. “Ең басты мақсатым – Донбасстағы дауға нүкте қою” деді Зеленский.

– Бірігуіміз керек. Сол кезде мықты боламыз. Әлемдегі барлық украиналыққа айтарым – біз 65 миллионбыз. Сіздер бізге керексіздер, мықты да қуатты Украина құруға әрбіріңіз қажетсіздер. Сіздерге Украина азаматтығын беруді уәде етемін. Бұл – біздің ұлттық идеямыз, – деді президент.

Зеленский депутаттарға қарата “Кабинеттеріңізге менің суретімді ілмеңіздер. Президент – мінәжат ететін нәрсе емес. Балаларыңыздың суретін қойыңыздар. Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын солардың көзіне қараңыздар” деді.

Президентті ұлықтау рәсімі таңғы 10.00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 13.00-де) басталды. Инаугурация өтерден бірер күн бұрын парламенттік коалицияны тарап кеткені белгілі болды. Бұл Зеленскийдің жоғарғы раданы таратып, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу жоспарына кедергі келтіруі мүмкін.

Ұлықтау рәсіміне Латвия, Литва, Эстония, Грузия мен Венгрия президенттері, Чехия сенатының, Әзербайжан парламентінің басшылары, Беларусь пен Арменияның премьер-министрлері, АҚШ энергетика министрі, Грузия, Молдова, Польша, Словакия мен жалпы алғанда елуден аса елдің өкілдері келді. Бұдан бөлек сырттай сотталған Виктор Януковичті есептемегенде Украинаның барлық экс-президенті рада залында отырды.

Қазақстан атынан инаугурацияға парламент сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров барды.

Украинада президент сайлауының екінші кезеңі 21 сәуірде өтті. Жаңа мемлекет басшысы ретінде актер, шоумен Владимир Зеленский сайланған. Қарсыласы Порошенко жеңілгенін мойындағанымен, келер сайлауға қатысатынын мәлімдеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз