Нұр-Сұлтандағы “Білім-инновация” лицейінде соңғы қоңырау соғылды

0
609
Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған "Білім-инновация" лицей-интернатының 2019 түлектері.

Оқи отырыңыз: Елордада жылдың үздік ұстазы анықталды

Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатында 2018-2019 оқу жылындағы түлектермен қоштасуға арналған “Сыңғырла, соңғы қоңырау” атты салтанатты жиын өтті.

Жиында лицей директоры Жеңіс Жұмабайұлы алтын ұясынан түлеп ұшқан шәкірттеріне ақ жол тілеп, кейінгі толқынға білім жолында ағаларының жарқын жолын жалғастыру аманат екенін жеткізді.

Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының  директоры Жеңіс Жұмабайұлы.

“Білім-Инновация” Халықаралық Қоғамдық Қорының президенті Дарxан Өте жас талапкерлердің қалаған жоғары оқу орнына түсіп, еліне қызмет ететін мықты маманға айналуын тіледі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист, ҚР Парламенті Мәжілісінің 2007-2011 жылдардағы депутаты Алдан Зейноллаұлы ата-аналардың атынан түлектерге ақжарма тілегін айтты.

Өз кезегінде лицей шәкірттері ән айтып, күй тартып, білім ордасына деген қимастықтарын байқатты.

Түлектер.

Сондай-ақ, түлектер білім мен тәлім-тәрбие берген мұғалімдеріне қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде алғыс айтып, олардың үмітін ақтау үшін барын салуға уәде берді.

Шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбектенген ұстаздар қауымы арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Ал, лицейдің Білім символын республикалық ғылыми жоба қорғау сайысы қалалық кезеңінің 2-ші орын, республикалық педолимпиаданың 1-ші орын иегері, лицейдегі өзін-өзі басқару ұйымының 2017-2018 оқу жылындағы президенті Алмаз Қадес үздік 10-сынып оқушысы, “Алтын белгіге” үміткер Жандос Нұрмұқановқа тапсырды. Биылғы оқу жылының соңғы қоңырауын үздік 7-сынып оқушысы Әлішер Еслямбек пен республикалық пәндік олимпиададан 2 мәрте 2-ші орын алған, Бектұров атындағы Халықаралық олимпиаданың және 51-ші Менделеев Халықаралық олимпиадасының жүлдегері Абылай Қайратбек соқты.

Ұстаздар қауымы.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтандағы Дарынды ер балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернатының шәкірттері 2018-2019 оқу жылындағы білім додаларында үздік нәтиже көрсетті. Оқушылар қалалық олимпиадада 78, республикалық олимпиадада 41, қалалық ғылыми жоба сайыстарында 22, халықаралық ғылыми жоба сайыстарында 69 жүлделі орынды жеңіп алды.

Биыл мектеп бітірген 92 түлектің жетеуі “Алтын белгіге”, 19 түлек ерекше үлгідегі аттестатқа үміткер.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз