Елордада 4 күнге созылған оқушылар олимпиадасы аяқталды

0
499

12 шілде күні Нұр-Сұлтандағы Жастар театрында 4 күнге созылған World Scholar’s Cup пәнаралық олимпиадасының халықаралық деңгейі аяқталды.

Әлемнің 20-ға жуық елінен келген 200-ден астам оқушы 4 күн бойы түрлі жарыстарда бақ сынады. Олимпиаданың Қазақстандағы басты ұйымдастырушыларының бірі Spectrum халықаралық мектебі қарайтын Білім Орда ХҚҚ-ның президенті Дарханбек Қожабеков барша қатысушылар мен ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Білім Орда Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дарханбек Қожабеков.

“Құрметті олимпиадаға қатысушылар мен ұйымдастырушылар! Аталмыш білімпаздар сайысын өткізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Қазақстанның білім саласында 25 жылға жуық қызмет еткен біздер үшін оқушыларымыздың осындай және басқа да үлкен жарыстарға  қатысқаны өте маңызды. Сонымен қатар, осында келген әрқайсыңызға 20 елден келген 220 оқушыға және олардың ата-аналарына алғысымды айтамын. Осы олимпиада барысында кейбір қатысушыларда виза мәселесі туындағанын білеміз. Алдағы уақытта мұндай кемшіліктердің туындамауын қамтамасыз ететін боламыз. Бұл олимпиаданың маңызды тұсы жаңа дос тапқандарыңыз. Енді әлемнің 20 елінде достарыңыз бар. Болашақта баршаңызға тек табыс тілеймін. Достарыңыз көп болсын!”, – деді ол.

Әзербайжаннан келген оқушылар өнер көрсетіп тұр.
Марапаттау рәсімін күткен оқушылар ата-аналарымен және ұстаздарымен бірге суретке түсті.
Көтеріңкі көңіл-күй!

Ұйымдастырушылар марапаттау рәсімін жылдың ең үздік жаттықтырушыларына сыйлық табыстаудан бастады. Олар LAHORE GRAMMAR SCHOOL 1A1 SENIOR мұғалімі Sundoss Shad және THE INDIAN HIGH SCHOOL DUBAI мұғалімі Dr. Abhilasha Chaube. 

Жылдың ең үздік тренерлері Sundoss Shad және Dr. Abhilasha Chaube.
Марапаттау рәсімі.
Үздік оқушы.
Оқу білім бұлағы,
Білім өмір шырағы!

Марапаттау рәсімі аяқталар тұста Нұр-Сұлтан қаласындағы Білім Орда ХҚҚ-на қатысты Spectrum мектебі директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Нұржан Әбілдахановпен сұхбаттастық.

Spectrum мектебі директорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Нұржан Әбілдаханов.

“Наурыз айында Spectrum халықаралық мектебі осы олимпиаданың аймақтық кезеңін өткізді. Сол кезде олимпиадаға жауапты болдым. Аймақтық кезеңге 700-ден астам бала қатысқан болатын. Осы жылы АҚШ-тағы олимпиада комитеті Қазақстанда халықаралық деңгейді өткізу жайлы ұсыныс білдірді. Біз мұны “Білім-инновация” ХҚҚ-мен бірлесе отырып ұйымдастырдық. Қазылар халықаралық деңгейден 20 оқушыны іріктеп АҚШ-тағы Йель университетінде өтетін финалдық кезеңге жібереді. Қазақстаннан 60 бала қатысса оның 40-ы Spectrum халықаралық мектебінен бақ сынады. Көрсеткіштер жаман емес. Оқушымыз Тамила Әбдірахманова 1-ші орын алды”, – деді ол.

Пәндік олимпиаданың барлық бөлімінен жоғары ұпай жинап, Da Vinci кубогын жеңіп алған Тамиланы біз де әңгімеге тарттық.

Тамила Әбдірахманова. Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

“Осы олимпиадада Da Vinci Scholar атандым. Жарыс өте қызықты әрі тың ақпаратқа толы болды. Әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген дос таптық. Әсіресе Словениялық оқушыларға бауыр басып қалдық. Қатысушылардың барлығы бауырмал деп айта аламын. Ең алдымен бізге дос табуға үлкен мүмкіндік болды. Талай жаңа дүниелерден хабардар болдық. Бұйыртса Йель университетінде өтетін финалдық кезеңге қатысатын боламыз”, – деді білімпаз.

World Scholar’s Cup пәндік олимпиадасының келесі аймақтық кезеңі Нұр-Сұлтанда  2020 жылдың 25-26 наурызында өтетін болады.

Abdimanap KENES

Beibarys ZHUMABAY

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз