Қосымша бөлінген 5 мың білім грантын қалай алуға болады?

0
79

ҚР Білім және ғылым министрлігі көпбалалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға қосымша 5 мың білім гранты қалай берілетінін түсіндірді. 

Бұл грантты жергілікті атқарушы органдар конкурс негізінде береді. Ол үшін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдігі жанынан конкурс комиссиялары құрылды.

Министрліктің мәліметінше, конкурсқа қатысу үшін 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау – негізгі шарт.

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, педагогика ғылымдары бағыты бойынша кемінде 60 балл жинау керек. Конкурсқа құжаттар 5 мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Білім грантын тағайындау және жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі, – деп хабарлады Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Конкурсқа қатысуға қажет құжаттар тізімі:

1) белгіленген үлгідегі бланкіде толтырылатын өтініш;

2) білімі туралы құжат (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезінде түпнұсқа);

3) ҰБТ сертификаты;

4) 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;

5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.

Сонымен бірге балалардың көпбалалы немесе атаулы әлеуметтік көмек берілетін отбасыдан екенін растайтын құжаттар көрсетілуі керек.

Білім гранты иегерлерінің тізімін әкімдік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.

Өңірлерде қосымша білім грантын тағайындауға жауапты мамандардың мәліметін ведомствоның ресми сайтынан қарауға болады.

Еске салайық, бұған дейін 2019-2020 оқу жылына бөлінген мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланған еді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз