Қытайлық миллиардер Джек Ма ҚР-ның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышевтың эстафетасын қабыл алып, қытай тілінде “Құлақтан кіріп, бойды алар” өлеңін оқыды. Бұл туралы Қазақстанның Қытайдағы елшілігі хабарлады.
“Құрметті достар, мен Джек Мамын. Келесі жылы Қазақстанда қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абайдың 175 жылдығы тойланады. Бүгін мен Қазақстанның Қытайдағы елшісі Нұрышев мырзадан эстафетаны қабыл алып, сіздерге Абайдың өлеңін оқып беремін”, – деді қытайлық миллиардер.
Ол Абайдың: “Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең менше сүй” деген өлеңін оқыды. Соңында, Джек Ма эстафетаны қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге жолдады.
Айта кетейік, жақында ғана боксшы Головкинге өлең оқу эстафетасын француз актері Сами Насери жолдаған болатын. Әзірге спортшы еш жауап қатпады.