Қазақстандық толық метражды “Мұзбалақ” анимациялық фильмі Германияда өткен Schlingel балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің 24-ші халықаралық кинофестивалінде үздік деп танылды. Бұл туралы “Қазақфильм” баспасөз қызметі хабарлады.
“2D-анимацияның әсерлі жұмысы. Disney және Pixar анимациялық әлемінен тыс жасалған нағыз жаңалық”, – делінген фестивальдің қорытынды баспасөз парағында.
“Біз күндіз-түні еңбек еткен туынды жоғары бағаланып, Еуропадағы ірі кинофестивальде үздік шыққанына қуаныштымыз. Фильмде халқымыздың тарихы мен дәстүрі туралы баяндалады. Менің ойымша, фильм шетелдік көрерменге ұнады. Болашақта “Мұзбалақ” басқа да сыйлықтармен қуантады деген үміттемін”, – деді фильмнің режиссері Тұрдыбек Майдан.
Естеріңізге сала кетейік, “Мұзбалақ” фильмі өткен жылы “Үздік анимациялық фильм” санатындағы ҚР Кинематографистер Одағының “Құлагер” сыйлығын иеленген болатын. Сонымен қатар, XVII халықаралық “Дух огня” (Ханты-Мансийск қ., РФ) кинематографиялық Дебюттер фестивалінің “Твое кино” балалар мен жасөспірімдер фильмдерінің конкурстық бағдарламасына қатысты.
Фильм Злин қаласында (Чехия) 2019 жылдың 24 мамыры мен 1 маусымы аралығында өткен 59-шы балалар мен жасөспірімдерге арналған ХҚФ “Панорама” конкурстан тыс бағдарламасында көрсетілді.
Сондай-ақ, картина 2019 жылы Ярославльде (Ресей) өткен 14-ші “отбасы шеңберінде” ХКФ қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Биыл Schlingel фестивалінде 52 елден 233 картина көрсетілген.