19 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында бұрқасын салдарынан бірінші ауысымда оқитын бастауыш сынып оқушыларына сабақ болмайды.
Сабақтың болмайтыны туралы ақпаратты елордалық білім басқармасы таратты.
“19 қарашада ауа райының бұзылуына байланысты (қатты жел мен жолдың нашар көрінуі) қала мектептерінде бірінші ауысымда оқитын 0-4 сынып оқушыларына сабақ болмайды”, – делінген мәліметте.
Ал екінші ауысымда оқитындар үшін сабақ болатыны не болмайтыны жөнінде кейінірек белгілі болады.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті дабылды ескерту жариялаған болатын. Қазгидромет мәліметіне сай, 19 қарашада қар жауып, бұрқасындатады, жел 15-18 м/с дейін күшейеді.
Сабақтың болмайтыны жайлы қайдан білеміз
Ескертуді білім саласындағы мемлекеттік органдар жасайды. Бірінші ауысым сағат 6:15-тен, ал екінші және үшінші ауысым сағат 12:15-тен бастап хабарланады.