4-5 қаңтар күндері Елордада 300-ге тарта оқушы қатысқан футзал турнирінде Нұр-Сұлтан Білім-инновация лицейінің шәкірттері чемпион атанды.
“НҰР-СҰЛТАН БИЛ” ҚАҚПАШЫСЫ: ЖЕҢІС ОҢАЙҒА СОҚПАДЫ
Нұр-Сұлтан БИЛ командасының капитаны Нұралы Аманқұлов финал туралы айтып берді.
“Финал біз үшін қиын болды. Қарсыластардың жойқын шабуылымен 2:0 жеңіліп келе жатқанбыз. Аз уақыттың ішінде 3 гол салып басымдықты қайта қолға алдық. Топтық кезең анау айтқандай қиын болмады. Жаттықтырушымыз да қолдауын аямады. Соңғы сәтте тек шабуылдауды ұсынды. Футбол ойнауды 3 сыныпта бастадым. Барселона командасының, Марк-Андре тер Штегеннің жанкүйерімін”, – деді Нұралы.
КРИШТИАНУ РОНАЛДУДЫҢ ҚОЛТАҢБАСЫ БАР ЖЕЙДЕ
Марапаттау рәсімінде сөз алған “NURORDA” мектеп-лицейінің оқушысы Али Тұрғанбеков жақында ғана португалиялық футбол жұлдызы Криштиану Роналдумен кездесуіндегі әсерімен бөлісті. Достарын жеңісімен құттықтады. Сөз соңында Роналду автограф қойған жейдені Білім-инновация ХҚҚ президенті Дархан Өтеге сыйға тартты.
Осы жылы 7-рет өтіп жатқан турнирдің биылғы ерекшелігі шалғайдан келген оқушылар да жүлдесіз қайтпау үшін орын саны көбейтілген.
Алматылық және павлодарлық оқушылардан құралған команда 2-орын алды. Есік, Павлодар және Семей қалаларынан келген оқушылар 3-орын иеленді.
Жеңімпаз команда “Swiss Education Group”-тың арнайы сыйлығына ие болмақ.
Естеріңізге саламыз, турнирге 7-8 сынып оқушыларынан құралған 32 команда, барлығы 300-ден астам оқушы қатысты.
Abdimanap KENES