Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дубайдағы “EXPO-2020” халықаралық көрмесінде салынатын Қазақстан павильонына барды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Қазақстан павильоны Біріккен Араб Әмірліктерінің негізгі павильонына жақын жердегі “Мүмкіндіктер” деп аталатын кластерде орналасады. Қазақстанға үлкен павильондардың бірі берілген.
Ұлттық экспозиция бірнеше бөліктерге бөлінген. Онда елдің әлемде алатын орны, туристік әлеуеті, тарихы, мәдениеті және астанасы туралы ақпарат беріледі. Сонымен қатар көрмеге келушілер Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктері жөнінде мәлімет ала алады.
“EXPO-2020” көрмесін дамыту жөніндегі басқарушы директор Ахмед әл-Хатибтің айтуынша, көрмеге 20 миллионнан астам адам келеді деген жоспар бар.
Еске салайық, көрме 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында “Ақыл-ойды ұштастыру – болашақты қалыптастыру” деген тақырыпта өтеді.