Ресей президенті Владимир Путин әдетте 9 мамыр өтетін Жеңіс парадын 24 маусымда өткізуді тапсырды. Парадтың өтуі коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген болатын.
Екінші дүниежүзілік соғысты аяқталуын атап өтуге арналған өзге екі шара – “Мәңгілік полк” шеруі және дәстүрлі әскери-теңіз парады 26 шілдеде өтпек. Президенттің айтуынша, эпидемия қаупі сейілмесе, шеру тағы бір айға шегерілуі мүмкін.
Жеңіс күніне арналған әскери парад алғаш рет 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда өтіп, оған маршал Георгий Жуков қатысқан. Әскерге маршал Константин Рокоссовский жетекшілік еткен.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісінде сейсенбі күні Путинмен телефон арқылы сөйлескенін және ресейлік әріптесінің оны Жеңіс парадын тамашалауға шақырғанын жазды. Тоқаев алғыс айтып, шақыруды қабылдаған.