ҰБТ-ның алғашқы күні ең жоғары 138 баллды Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы Теспе орта мектебінің түлегі Абзал Әбдіманап жинады. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова хабарлады.
“Ол 140 балдың 138-ін жинады. Қазір жаңа норма енгізілген. Оған сәйкес, барлық ҰБТ процесі видеоға түсіріледі, кейіннен бейнежазбаға талдау жасалады. Әрине, біз Абзалдың да бейнежазбасын толық қарап шығатын боламыз”, – деді Дидарбекова.
Айта кетейік, 21 маусымда республика бойынша ұлттық бірыңғай тестілеу басталған болатын. Оған 6 186 талапкер қатысты. Оның 4 222-сі шекті балл жинаса, 1 964 талапкер шекті ұпайды жинай алмады. Ал 39 адам 130 балдан жоғары алды. Бұдан бөлек, тәртіп бұзған 164 талапкер анықталған.
“Жалпы, ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы нәтижелері тамыз айында нақты болады. Өйткені жаңа норма бойынша ұлттық тестілеу орталығы 25 тамызға дейін арнайы бағдарламаның көмегімен барлық бейнежазбаға талдау жүргізетін болады. Егер тест тапсырушының тыйым салынған заттарды пайдаланғаны анықталса, онда оның нәтижесі жойылады, сәйкесінше гранттың да нәтижесі жойылуы мүмкін”, – деді Дидарбекова.