24 тамыз күні Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балаларына “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қоры жаңа оқу жылы тұсында 110 планшет сыйға тартты.
“Білім-инновация” ХҚҚ “Біз біргеміз” акциясы аясында лицей ата-аналары мен түлектерінің, жанашыр жандардың көмегімен 4 миллион 491 мың теңгеге жуық ақшалай қаражат жинаған.
Қордың негізгі қызметі білім саласы болғандықтан, жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында өтетіндіктен жиналған қаражатқа гаджет алынған. Электронды құрылғылар су тасқынынан зардап шеккен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына берілген.
“Білім-инновация” ХҚҚ-ның вице-президенті Төлебаев Нұрбол Насырбекұлы Мақтаарал ауданы әкімдігімен кездесіп, планшеттерді табыстады. Пандемияға байланысты аталмыш көмек жоспарлаған мерзімінен кеш жеткізілген.
Еске салайық, 2 мамыр күні Түркістан облысында Мақтаарал ауданының шекарасындағы Сардоба су қоймасы жарылып бірнеше елді мекен су астында қалған еді.
Айта кетейік, “Білім-инновация” ХҚҚ пандемия өршіген тұста коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтарға 100 оттегі концентратын Қазақстанның барлық аймағындағы облыстық ауруханаларға жеткізген.