Қырғызстан президенті мәлімдеме жасады

0
91
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков. Photo: zakon.kz

Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесіне наразылар Ақ үйді басып алып, елде халықтық үкімет құру қажеттігі жайлы сөздер айтыла бастаған шақта президент Сооронбай Жээнбеков видеомәлімдеме жасады.

Қырғызстан президенті мәлімдемесінде саяси күштер билікті заңсыз тартып алуға әрекет етіп, сайлауды сылтауратып, қоғамдық тәртіпті бұзды деп наразыларды айыптаған.

“Қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Тәртіп сақшыларына бағынбай, дәрігерлерді сабап, ғимараттарды талқандады. Қан төгілмесін, бір де бір азаматтың өміріне қауіп төнбесін деп күштік құрылымдарға оқ атпауға бұйрық бердім. Қазірге дейін жағдайды ушықтырмау үшін мүмкін болған әрекеттің барлығын жасадық. Мемлекет тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы депутат мандатынан биік” деді Жээнбеков.

Жээнбеков мәлімдемеде саяси партияларды үміткерлерін наразылық ошақтарынан алып кетуге және барлық күштерді заң аясында әрекет етуге үндеген. Ол орталық сайлау комиссиясына заңбұзушылықтарды зерттеп, қажет болса сайлау қорытындысын жоққа шығаруды да ұсынған.

Көрші Қырғызстанда парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспеген наразы топ 5 қазанда күндіз Бішкек орталығында митинг өткізіп, Жээнбековтің биліктен кетуін, қайта сайлау өткізуді талап еткен еді. Кешке қарай парламент пен президент әкімшілігі маңында наразылар мен полиция қақтығысып қалған. Наразыларды таратуға тырысқан күштік құрылым өкілдері көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, түтін құтылар қолданған, су шашқан. Ондаған адам жараланған. Кейінірек наразы топ парламент ғимаратын, Ақ үй, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мен қоғамдық КТРК арнасын басып алған.

Наразылар талабынан соң бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, экс-премьер Сапар Исаков, бұрынғы депутат Садыр Жапаров, бұрынғы депутат Равшан Жээнбеков қамаудан босатылды. Сейсенбі күні таңертең Ақ үйден өрт шыққан.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз