Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков “елде жағдай тұрақталғаннан кейін” қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді.
Жээнбековтың мәлімдемесі 9 қазанға қараған түні президенттің ресми сайтында жарияланды. Ол мәлімдемеде “елдегі саяси жағдайдың әбден ушыққанын” айтқан.
“Жағдайды реттеу үшін келесі қадамдар жасауымыз керек. Жогорку Кеңеште сайлау нәтижесі жойылды. Енді қайтадан парламент сайлауы белгіленуі тиіс. Мұндай шешімді орталық сайлау комиссиясы қабылдайды. Бұл шаралар қазіргі күрделі ахуалды сәл де болса қалыпқа келтіреді” деді президент.
Ол дағдарысқа дейін істеген премьер-министр мен үкімет мүшелерін отставкаға жіберу қажеттігін айтып, бұл заңды тағайындауларға жол ашады деді.
“Премьер-министр мен үкімет мүшелерін заңды тағайындау үшін Жогорку Кеңеш пен президент жарлығы керек. Мен қажетті жарлықтарға қол қоюға дайынмын. Жогорку Кеңешінің қаулысын күтемін” деді ол.
“Бірде-бір қызмет мемлекет тұтастығы, халық бірлігі мен қоғам тыныштығынан биік емес. Бізге қазір жағдайды тез арада құқық аясына бұруымыз керек. Атқару билігін заңды түрде бекітіп алсақ, мемлекет заң аясына оралады. Одан соң мен де Қырғызстан Республикасының президенті қызметінен кетуге дайынмын” деді Жээнбеков.
6 қазанға қараған түні парламент сайлауының нәтижесіне наразы топ Ақ үй мен парламент ғимаратын басып алған. Содан бері президент Сооронбай Жээнбеков көпшілік алдына шыққан жоқ, бірақ оның баспасөз қызметі мемлекет басшысының атынан үздіксіз мәлімдемелер жариялап отырды. Баспасөз қызметі оның Бішкекте екенін, Қырғызстан аумағынан шықпағанын айтқан.