Мәскеудегі келіссөздерден кейін Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта атысты тоқтата тұруға келісті. Келісім 10 қазан күні күшіне енбек. Бұл туралы Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров хабарлады.
Шешім тұтқындар мен қайтыс болғандардың мәйітімен алмасу үшін гуманитарлық мақсатта қабылданған.
Ресей сыртқы істер министрінің сөзінше, “тыныштық тәртібінің” нақты ережелері қосымша келісіледі.
Армения да, Әзербайжан да бұл мәлімдемені әлі растамады.
Таулы Қарабақ халықаралық деңгейде Әзербайжанның жері саналады. Бірақ ол 1990-жылдардан бері этникалық армяндардың бақылауында. Совет Одағы ыдырағанда Ереванның қолдауына ие армян сепаратистері Әзербайжаннан бөлініп шығатынын мәлімдеп, арты Әзербайжан мен Армения арасындағы соғысқа ұласты. Алты жылға созылған соғыс 1994 жылғы келісіммен тоқтады. Бірақ бейбітшілік толық орнаған жоқ, ара-арасында қақтығыстар болып тұрды. Сол уақыттан бері Таулы Қарабақ этникалық армяндардың қолында. Соғыс салдарынан жүздеген мың әзербайжан босқынға айналды.