Армения қарулы күштері премьер-министр Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Мұны Пашинян “төңкеріс” деп санап, халықты көшеге шығуға шақырды.
Бұл туралы zakon.kz сайты хабарлады.
Таулы Қарабақтағы соғыс нәтижесі бойынша Бакумен бітімге келген Пашинян, жеңілу себебі, Ресейден алған “Искандер” зымыран кешенінің тиімсіз және кейбір ақаулары болғанын хабарлады. Никол Пашинянның бұл сөздерін Бас штаб бастығының бірінші орынбасары Тиран Хачатрян мазақ еткені атап өтілді. Осыдан кейін Армения президенті Армен Саркисян, Премьер-министрдің ұсынысымен Тиран Хачатрянды орнынан алып тастады. Бұл шешімге Армения қарулы күштерінің бас штабы тікелей қарсылық білдіріп, Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. Алайда Пашинян бұл оқиғаны “төңкеріс” деп өз жақтастарын Еревандағы республика алаңына шығуға шақырды.
Өз жақтастарын Еревандағы Республика алаңына шығуға шақырған Пашинян, өзі де көшеге шықты. Ол, бірнеше күзетшінің және арнайы жасақтың ортасынан микрофон арқылы халыққа сөз сөйлеп жүрді. Ол, әскердің халыққа және премьер-министрге бағынышты екенін жариялады.
“Менің отставкаға кетуім мәселенің шешімі екеніне сенімді емеспін. Мен бірнеше шешім ұсындым. Елдің полиция басшылары мен ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшылары Бас штаб сияқты мәлімдеме жасайды деп алаңдамаймын.” – деді Никол Пашинян.
Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен Ереван тұрғындары қала көшелерін жауып тастады. Бұған дейін Армения қарулы күштерінің бас штабы Никол Пашинянның отставкаға кетуін талап етіп, оны өз халқына қарсы күш қолданбауын ескертті.