Еуропаның кей елдерінде коронавирус инфекциясының үшінші толқыны басталды. Бұл туралы алғаш Австрияның денсаулық сақтау министрі Рудольф Аншобер хабарлады. Сонымен қатар, Франция, Германия және Италияда да жағдай нашарлап барады.
The Guardian газетінің хабарлауынша, Еуропада коронавирустың күн сайын өсуі ақпан айының басынан рекордты деңгейге жеткен. Бұл шектеулерді қайта қалпына келтіруге, коменданттық сағат және кейбір елдерде локдаун енгізуге әкелді.
Дүйсенбіден бастап Италияның жартысы коронавирустың үшінші толқынын болдырмау үшін қатаң карантин ережелеріне көшті. Ауруханалар инфекцияны қайта жұқтырғандармен күресуге қауқарсыз. Он облыста мектептер мен дүкендер жабық. Мейрамханалар тек дайын асты алып кету үшін жұмыс істейді.
Франция денсаулық сақтау министрінің айтуынша, Париждегі жан сақтау бөліміне әр 12 минут сайын бір науқас түседі. Күнделікті коронавирус жұқтырғандар санының өсуі Польша, Венгрия және Чехияда да тіркелді.
Пасха мерекесі қарсаңында германиялықтар Майоркаға ұшатын билеттерді бірнеше сағат ішінде сатып алған. Германия қонақүйлері қарашадан бері турист қабылдамайды. Бірақ Испанияның Балеар аралынан оралғандар үшін міндетті карантин жойылған.