Министр Цой: Сәуірде күніне 1,7 мың адам коронавирус жұқтыруы мүмкін

0
471
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Photo: total.kz

Сәуір айында күніне 500 мен 1700 аралығында науқас анықталуы мүмкін. Келесі айдағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде болжамды денсаулық сақтау министрлігі жасады.

“Оптимистік сценарий бойынша сәуір айында күніне 500 науқасқа дейін тіркелуі мүмкін. Ал пессимистік сценарий бойынша бұл көрсеткіш 1700-ге дейін жетуі мүмкін” деді денсаулық сақтау министрі сейсенбі күнгі үкімет отырысында.

Цойдың сөзіне қарағанда, вакцинация әзірге эпидемиологиялық ахуалға әсер ете қоймайды. Себебі, адам ағзасында иммунитет қалыптасу үшін біраз уақыт керек.

Министрдің айтуынша, соңғы мәлімет бойынша шамамен 76,2 мың адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілген. Бұл жыл соңына дейін егілуі тиіс (6 млн адам) тұрғынның шамамен 1,27 пайызы. Ал жалпы тұрғындардың 0,4 пайызына тең.

Денсаулық сақтау саласының шенеуніктері бұған дейін елде тұрғынардың 55-60 пайызына коронавирусқа қарсы вакцина егілген жағдайда ұжымдық иммунитет қалыптасатынын, сәйкесінше бұл коронавирусқа шалдыққандар санын азайтуға мүмкіндік береді деген.

Қазақстанда қазір 350-ге жуық егу пункті істеп жатыр. Сәуір айынан бастап созылмалы ауруға шалдыққан, 65 жастан асқандар мен өзге де тұрғындарға вакцина егіле бастайды. Алғашында тұрғындарға ресейлік вакцина салынып жатыр.

Қазір елде күн сайын шамамен 850-1000-нан аса адамнан коронавирус анықталып жатыр. Пандемия басталғалы бері коронавирус пневмониясына шалдыққандарды есептегенде 265 мыңнан астам адам Covid-ке шалдыққан. 3500-ден астам адам қайтыс болған.

Коронавирустың таралуы бойынша Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан облысы – “қызыл аймақта”. Қарағанды, Ақмола, Атырау және Алматы облыстары – “сары аймақта”. Қалған облыстар мен қалалар – “жасыл аймақта”.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз