2 тамыздан бастап Нұр-Cұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атырау қалаларында карантин тағы күшейтіледі. Бұл туралы сейсенбі күні премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында белгілі болды.
Бұл аймақтарда 2 тамыздан бастап мынадай шектеу шаралары күшіне енеді:
- орталық мемлекеттік органдарды, әкімдіктерді, құқық қорғау органдарын, денсаулық сақтау ұйымдарын, БАҚ-ты, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметін тоқтата тұру;
- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
- мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ін қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырғандарды және кейінгі 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда).
Сонымен қатар Ақмола, Алматы, Қарағанды облыстарының әкімдіктеріне Нұр-Сұлтан (Бурабай, Целиноград, Аршалы аудандары), Алматы (Қарасай, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ аудандары), Шымкент қалаларымен (Сайрам, Төлеби аудандары), Қарағандымен (Теміртау, Шахтинск, Абай) шекаралас аудандарында карантиндік шараларды күшейту бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.