30 шілде күні Қалмұханбет Қасымов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы қызметінен кетті. Шенеунік президентке өзі өтініш жазған.
“Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмұханбет Қасымовты өзінің отставкаға және мемлекеттік қызметтен кету туралы өтініші бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы лауазымынан босатты. Қасым-Жомарт Тоқаев Қалмұханбет Қасымовқа құқық қорғау органдарындағы ұзақ жылғы қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы ретінде сіңірген еңбегі үшін алғыс білдірді.Мемлекеттік күзет қызметі бастығының міндетін уақытша атқару Е.А.Сағымбаевқа жүктелді”, – деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
64 жастағы Қалмұханбет Қасымов қызмет жолын Алматы облысына қарасты Іле ауданында қатардағы тергеуші болып бастаған. Құқық қорғау саласында түрлі қызметтер де болған. 2011-2019 жылдары Ішкі істер министрлігін басқарды. Ол Қазақстан тарихында ең көп сыналған министр. 2011 жылғы Жаңаөзен таргедиясы кезінде мұнайшыларға оқ атқан полицияға сын айтылып, министр Қасымовтың отставкасы талап етілген болатын.