Вакцинаны 15 тамызға дейін қай ұйымдар алуы керек?

0
157

Пандемиямен күресте вакцинацияның маңыздылығын елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова онлайн-брифингте айтып өтті. Бұл туралы Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елорданың бас санитарлық дәрігері 15 тамызға дейін жұмыс берушілер өз қызметкерлерін КВИ вакцинасының бірінші компонентін, ал осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін екінші компонентін алып, иммундаудан өткізуі керектігін еске салды.

Бұл ретте соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және COVID-19-бен ауырып жазылғандардың екпе алмауына болады.

15 тамызға дейін коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін халыққа қызмет көрсету нысандары, мемлекеттік органдар мен ұйымдар, өндіріс, құрылыс нысандары, көтерме және бөлшек сауда, мәдениет және демалыс, жолаушылар тасымалдайтын ұйымдар, қоғамдық тамақтану нысандары, санаторий-курорттық және сауықтыру орындары, денсаулық сақтау, бос уақытты өткізу және т.б. мекемелер қызметкерлері алуы керек.

“Тағы да еске салғым келеді. Вакцинация қазір коронавирустан қорғанудың ең тиімді әдісі болып қала береді. Уақытылы екпе алу арқылы аурудың алдын алуға және ең бастысы оның салдарын болдырмауға көмектеседі”, – деді Сархат Бейсенова.

Биыл 5 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 5 584 190 адам вакцинаның бірінші компонентін, 4 148 969 адам екінші компонентін алды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз