Ресейдегі парламент сайлауында Кремль қолдайтын “Единая Россия” партиясы басымдықпен жеңіп келеді. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын-ала қорытындысын жариялады.
Үш күнге созылған парламент және аймақ депутаттарын сайлау кезінде бақылаушылар бюллетеньді топтап салу сияқты көптеген заңбұзушылықтар тіркелгенін хабарлаған.
ОСК бюллетеньдердің 53 пайызы саналғаннан кейін президент Владимир Путинді қолдайтын “Единая Россия” партиясының мемлекеттік дума сайлауында 46 пайыздан астам дауыс алғанын мәлімдеді. “Коммунистік партия” – 22 пайыз, ЛДПР 8,5 пайыз дауыс жинаған. Қалған екі партия – “Справедливая Россия — Патриоты — За правду” және “Новые люди” сайлаушылардың 7,5 және 6,5 пайыз дауысына ие болған. Заң бойынша, парламенттің төменгі палатасына кемінде 5 пайыз дауыс жинаған партиялар өте алады.
Сайлауға елдегі ірі оппозициялық күш қатыса алмады. Билік түрмедегі оппозиционер Алексей Навальныйдың қорларын “экстремистік ұйым” деп танып, жақтастарын сайлаудан шеттеткен. Навальныйдың “Ақылмен дауыс беру” қосымшасына тыйым салынды.
Жеті аймақта рұқсат етілген онлайн дауыс берудің қорытындысы әлі шықпады. Ресми мәлімет бойынша, сайлауға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың кемінде 47 пайызы қатысқан.
Мемлекеттік думаға сайлау аралас жүйе бойынша өткен: 225 депутат – партиялық тізім бойынша, қалған 225-і бір мандаттық округ бойынша сайланады.