Қазақстанда қазан айының алғашқы жексенбісі ұстаздар мерекесі. Білім министрлігі кәсіби мереке қарсаңында елуден астам мұғалімге “Үздік педагог” деген атақ береді.
Министрлік мәліметінше, байқауға қатысушылар арасында 132 мектепке дейінгі және орта білім беру, 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогтары бар. Олардың барлығы аудандық, қалалық және облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша ұсынылды.
“”Үздік педагог” атағына білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін және кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мұғалімдер үміткер бола алады. Конкурста педагогтың білім беруді дамытуға қосқан үлесі, педагог қызметінің нәтижелілігі және оның кәсіби шеберлігі ескерілетін болады”, — деді мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Айта кетейік, “Үздік педагог” республикалық байқауы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде конкурс аясында 500-ге жуық мектепке дейінгі және орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының педагогы марапатталды.
“Үздік педагогтар” төсбелгі және 3 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алады.