Қазақстан Үкіметі валютаны реттеу және бақылау саласындағы заң жобасын мақұлдады

0
34

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев валютаны реттеу және валютаны бақылау мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚР Үкімет үйінің баспасөз қызметі.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың айтуынша, жаңа заң жобасының мақсаты – Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жағдайында валюталық заңнаманың жоспарлы өзгеруі.

«Заң жобасының басты міндеті – валюталық операциялардың статистикалық мониторингін қамтуды кеңейту және Қазақстан аумағында шетел валютасын пайдалануды қысқарту. Аталған нормаларды іске асыру валюталық операциялар туралы ақпаратты таратуды ұлғайтады, валюталық бақылаудың тиімділігін арттырады, оның ішінде елден ақша қаражатын шығаруға қарсы әрекеттердің тиімділігін арттыруға жол ашады», — деді Данияр Ақышев.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы негізгі өзгерістер ретінде мыналарды атап өтті: шетелдік ұйымдардың бөлімшелерін резидент ретінде тану; трансшекаралық сипаттағы валюталық операциялардың ауқымын кеңейту; капиталды шығаруға бағытталған операциялар бойынша валютаны бақылауды күшейту, сондай-ақ Қазақстан аумағында валюталық құндылықтардың айналымын түсіндіру және резиденттер арасында рұқсат етілген валюталық операциялардың тізбесін анықтау. Сонымен қатар Данияр Ақышев заң жобасында либералдық валюталық режимнің қағидаларын сақтау қарастырылғанын атап өтті.

«Ешқандай қаталдандыру жоқ, бұл шарттарды қаталдандырумен ешқандай байланысы жоқ жоспарлы заң жобасы», — деп түсіндірді Үкімет отырысының қорытындысы бойынша журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Ұлттық банкі төрағасы.

Данияр Ақышевтің айтуынша, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруінен кейін бөлімшелер мен өкілдіктер санының ұлғаюы күтіледі, бұл ел ішінде шетел валютасындағы төлемдердің ұлғаюына әкеледі, ол ұлттық мүдделерге сәйкес келмейді. Осыған байланысты қазақстандық контрагентпен шетелдік ұйымдар бөлімшелерінің есептерін теңгеге аудару ұсынылады. Сонымен бірге осы заңның енгізілуіне дейін қол қойылған шарттарға қатысты жағдайдың нашарлауына еш себеп жоқ.

Ұлттық банк төрағасы қорытындылай келе заң жобасын 2019 жылдың 1-шілдесінен бастап енгізілетінін айта кетті.

Қарау нәтижесі бойынша ұсынылған заң жобасы бірауыздан қабылданды және ҚР Парламентіне жіберіледі.

Жадыра Аманбайқызы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз