26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және өңірлік әрі шекара бойындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері бойынша кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесу барысында 25 желтоқсан Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков арасында жасалған келісімдерді жүзеге асыру барысы, сондай-ақ, екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы аясында іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Бақытжан Сағынтаев және Сооронбай Жээнбеков сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне және оны одан әрі арттыру әлеуетіне айрықша назар аударылды. Кездесу барысында, сондай-ақ, Қазақстан-Қырғызстан өңіраралық форумын өткізу, Қазақстан мен Қырғызстанның іскерлік кеңесін құру арқылы өңірлік және шекара маңындағы өзара іс-қимылды нығайту маңыздылығы аталып өтті.
Өз кезегінде, Бақытжан Сағынтаев осы сәтті пайдаланып, Сооронбай Жээнбековты Қырғызстандағы президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады.
Сабина Сайлаубай