24 қазан күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 8:00-де Өзбекстанда сайлау учаскелері ашылды. Елде халық президент сайлайды. 14 округте 10 мың сайлау учаскесі жұмыс істейді.
“Сағат 20:00-ге дейін 21,25 миллион сайлаушыны қабылдау үшін барлығы дайын” деп хабарлады президент сайлауы жөніндегі баспасөз орталығы.
Баспасөз орталығының хабарлауынша, президент сайлауы үшін 10 761 дауыс беру учаскесі құрылған. 207 учаскеде бейне бақылау жүйесі орнатылған.
Сайлауды 971 халықаралық байқаушы бақыламақ. Оның 629-ы халықаралық ұйымнан, 340-ы шет мемлекеттерден келген. Оның ішінде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының миссиясы да бар. Ал Өзбекстанның ішінде байқаушы куәлігі бес саяси партияның 53 717 өкіліне берілген.
Сайлау науқаны 20 қыркүйекте басталған. Орталық сайлау комиссиясы ресми партиялардың атынан түскен бес кандидатты тіркеген. Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзияевті, Өзбекстан халық-демократиялық партиясы орталық кеңес басшысының орынбасары Максуда Варисованы, “Миллий тикланиш” (Ұлттық қайта өрлеу) демократиялық партиясы, “Адолат” (Әділет) социал-демократиялық партиясы және Экология партиясы өз лидерлері – Әлішер Қадыровты, Бахром Абдухалимовты және Нарзулло Обломурадовты ұсынған.
Өзбекстан заңы бойынша, президенттікке және парламент депутаты қызметіне кандидатты тек саяси партиялар ғана ұсына алады.
Заң бойынша, бірде-бір кандидат 50 пайыз дауыс алмаса, екінші тур өтеді. Оған бірінші турда ең көп дауыс жинаған екі кандидат қатысады.
Сайлауды жарамды деп табу үшін оған дауыс берушілердің 33 пайызы қатысуы керек.
Сарапшылар сайлауда Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев жеңеді деп болжап отыр. Өзге кандидаттар аса танымал емес. Олар тіпті телевизиялық дебатқа да қатыспаған, өз орнына өкілдерін жіберген. Тәуелсіз кандидаттар тіркелмеген.
Өзбекстанда осымен бесінші президент сайлауы өтіп жатыр. Елдің қазіргі президенті Шавкат Мирзияев 2016 жылы желтоқсанда сайланған. Ол сол жылы қыркүйекте қайтыс болған Ислам Каримовтың орнына келген.