Нұр-Сұлтандағы №15 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлнар Сыздықова ревакцинациядан бірінші болып коронавирусқа қарсы алғаш екпе алған медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері өтетінін хабарлады. Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан әкімдігінің сайты таратты.
Қазақстанда, коронавиурсқа қарсы ревакцинация қарашаның екінші жартысында басталады. Әкімдік таратқан ақпаратта, ревакцинация КВИ-мен күресте иммунитетті нығайту үшін жүргізілетіні жазылған. Оны бірінші кезекте ауруға бейім азаматтар алмақ.
“Бірінші кезекте коронавирусқа қарсы алғаш болып екпе алған медицина қызметкерлері, педагогтар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері вакцинамен қайта егіледі. Әрине, бәрі ерікті түрде. Сондай-ақ, бірінші кезектегі ревакцинациядан созылмалы аурулары бар адамдар, қарт адамдар өткені абзал, өйткені олар тәуекел тобына кіреді”, – деп түсіндірді Гүлнар Сыздықова.
Дәрігерлер сонымен қатар кросс-вакцинацияны, басқаша айтқанда, вакцинаның басқа түрін егуді ұсынады.
“Спутник V” алғаннан кейін ревакцинацияны 9 айдан кейін жасату керек, өйткені бұл – векторлы, күшейтілген вакцина. Отандық “QazVac” пен қытайлық “Vero Cell” – 6 айдан соң”, – деп нақтылады дәрігер.