Путин мен Макрон Украина жөнінде алты сағат сөйлесті

0
264
Ресей басшысы Владимир Путин мен Франция президенті Эмануэль Макрон. Photo: Kremlin.ru

Дүйсенбі кешке Кремльде Ресей басшысы Владимир Путин мен Франция президенті Эмануэль Макрон кездесіп Украина мәселесі жөнінде алты сағатқа жуық келіссөз жүргізді. 

Франция президенті келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында Путинмен қарым-қатынастың нақты тетіктері мен деэскалация әдістерін талқылағанын айтты. Макрон енді осы мәселелерді Киев, Вашингтон, ЕО және НАТО-дағы одақтастарымен одан әрі талқыламақ. Франция басшысы аталған ұсыныстардың тағдыры жақын арада шешілуі мүмкін екенін атап өтті.

“Алдағы күндер шешуші рөл атқарады және ол біз өткізетін осындай қарқынды пікірталастарды қажет етеді”, – деді Макрон.

Ресей басшысы да нақты қандай мәселелер туралы сөйлескенін ашып айтпады. Алайда ол Макронның кей ұсыныстарын “перспективалы” деп санайды.

“Оның бірқатар идеялары мен ұсыныстарын бірлескен қадамдарымыздың негізіне қоюға әбден мүмкін деп санаймын”, – деді Путин.

Франция президенті НАТО-ның Ашық есік принципіне қатысты келіспеушіліктер сақталып отырғанын айтты. Ресей Солтүстік Атлантикалық одақтан Украинаны (және Грузияны) қабылдамауды талап етеді, бірақ НАТО мен оған ұмтылған Шығыс Еуропа елдері бұл талапты қатаң түрде қабылдамай, кіру немесе кірмеу мәселесін нақты егемен ел мен блоктың өзі шешуі керек деп мәлімдейді.

Бұл Ресей мен Франция президенттерінің кейінгі екі жылдағы алғашқы жеке кездесуі. Соңғы рет Путин мен Макрон 2019 жылдың жазында Францияда жолыққан.

Енді Макрон Мәскеуден Киевке барады. Ол 8 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездеспек.

Путин-Макрон кездесуінен бөлек Украина мәселесін Вашингтонда АҚШ президенті Джо Байден мен Германия канцлері Олаф Шольц талқылады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз