Сейсенбіде Франция президенті Эммануэль Макрон мен Украина басшысы Владимир Зеленский Киевте кездесті. Президенттер Украина шығысындағы қақтығысты талқылады. Бірқатар саладағы ынтымықтастық туралы уағдаласты. Оның ішінде Украинаға қаржылай көмек көрсету мәселесі де бар. Макрон бір күн бұрын Ресейде Путинмен келіссөз жүргізген еді.
Макрон мен Зеленский ұзақ әңгімелесті. Президенттер брифингке жоспарланған уақыттан бір сағат кешігіп келді. Осы себепті брифинг қысқа форматта өтті. Екі тарап журналистері бір сұрақтан қойды.
Брифингті бастаған Зеленский кейінгі 24 жыл ішінде Киевке алғаш келген Франция президентінің сапарын ерекше атап өтті. Ол келіссөздің негізгі тақырыбы Украина шығысындағы бейбітшілік мәселесі болғанын жеткізді.
Зеленский Макронмен ынтымақтастық туралы бірнеше келісімге қол жеткізгенін мәлімдеді. Қаржылық көмектен басқа, француз компаниялары Украинаға қорғаныс секторын реформалауға көмектеседі, ал украиналық теміржол монополиясы Франциядан жаңа локомотивтер сатып алмақ.
“Біз үшін экономикалық қолдау өте маңызды және басқа мемлекеттермен ынтымақтастықтың осындай қадамын, Эммануэль тарапынан, Франция тарапынан Украинаға 1,2 млрд еуро макроқаржылық көмек бөлуді өте жоғары бағалаймыз. Бұл экономикамызды тұрақтандыруға көмектеседі. Қазіргі бет алысымыз жаман емес, бірақ бұл Украинаның экономикалық тұрақтылығы үшін нық қадам”, – деді Украина басшысы.
Макрон да 1,2 миллиард еуро туралы айтты, бірақ оны макроқаржылық көмек емес, француз компанияларының украиналық жобаларды қаржыландыруға арналған мемлекеттік кепілдік деп атады. Бұл туралы негіздемелік келісім мамыр айында белгілі болған. Макронның Киевке сапары кезінде президенттер 1,2 миллиардқа екі келісімге қол қойды.
Зеленский елдің шығысындағы жағдайға қатысты саяси кеңесшілер деңгейінде “Норман форматындағы” кездесуге ниетті екенін айтты. Бұған дейін Елисей сарайы Макрон Путинмен осындай кездесу өткізуге келіскенін мәлімдеген.
“Біз Францияның Донбастағы бейбіт реттеу процесіне қолдауын өте жоғары бағалаймыз. Франция президентімен Украина мен Еуропаның алдында тұрған сын-тегеуріндерге ортақ көзқарастарымыз бар”, – деп түйіндеді Украина басшысы.