Стамбулдағы Украина-Ресей келіссөзінің алғашқы отырысы қалай өтті?

0
239
Photo: Reuters

29 наурыз күні Түркияның Стамбул қаласында Ресей мен Украина арасында келіссөздің алғашқы отырысы аяқталып, Украина бейбіт келісім бойынша бірнеше ұсыныс жасады. Киев ешқандай әскери ұйымға мүше болмай, бейтарап статуста болуға дайын, бірақ Ресей Украинаның Еуропа одағына мүше болуына кедергі келтірмеуі тиіс. Стамбулдағы келіссөзде Украина қандай ұсыныс жасады? Бұл ұсынысқа Ресей қандай жауап қатты?

УКРАИНА ҚАНДАЙ ШАРТ ҰСЫНДЫ?

Украиналық делегация Стамбулдағы келісімге Украинаның қауіпсіздігіне кепіл беретін халықаралық келісім әкелген. Бұл келісімде Украина тарабы Ұлыбритания, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Канада, Италия, Польша және Израиль Украинаның қауіпсіздігіне гарант болатын елдер ретінде ұсынған. Кейбір елдер гарант болуға алдын-ала келісімін берді.

Егер Украинаға әскери шабуыл жасалса, Киев гарант елдермен үш күн кеңес өткізеді. Ал кеңесу кезінде тараптар қандай да бір дипломатиялық шешімге келмесе гарант елдер Украинаға әскери көмек көрсетуі тиіс. Бұдан бөлек, гарант елдер Украинаның Еуропа одағына мүше болуына көмектесуі керек.

Киев бейбіт келісімнің шарттары алдымен референдумға шығарылады, одан кейін гарант елдердің парламенттері және Украина парламенті ратификациялайды деп отыр.

Украина бейбіт келісімге қол қою процесі соғыс тоқтаған жағдайда, тыныштықта өтуі тиіс деп мәлімдеді. Яғни, Ресей шабуылды толық тоқтатуы керек.

Егер осы процестің бәрі сәтті аяқталса, Украина ешқандай әскери одаққа кірмейтін, ядролық қару ұстамайтын бейтарап статус алуға дайын. Ондай жағдайда Украинада шетелдің әскери базасы мен әскерилері болмайды, Украина аумағында әскери жаттығу гарант елдердің келісімімен өтеді.

Украина ұсынған құжатта Қырым мен Донбасс туралы бөлек пункт жазылған. Киев Қырым мен Севастополь статусын 15 жылдың ішінде Ресей-Украина арасындағы келіссөз арқылы шешуді ұсынады. Осы уақытта екі тарап Қырым мәселесін шешу үшін қару қолданбауы тиіс.

Украина Донбасс мәселесін екі елдің президенттері талқылауы керек дегенді ұсынып отыр.

Киев делегациясы гарант елдермен кеңесу басталғанын, екі аптадан соң гарант елдердің қатысуымен жан-жақты келіссөз жүруі мүмкін екенін айтады.

“Донбасс және Қырым мәселесі реттелген жоқ, сондықтан гарант елдер бұл территорияларда жұмыс істемейді. Бірақ біз әлем мойындаған Украина территориясын ғана мойындаймыз” деді Украина делегациясының жетекшісі Давид Арахамия келіссөзден соң.

РЕСЕЙ ТАРАБЫ ҚАНДАЙ ЖАУАП ҚАТТЫ?

Мәскеу делегациясының жетекшісі Владимир Мединский Стамбулдағы келіссөз “конструктивті түрде” өткенін мәлімдеді.

“Ресей Украина ұсынған атысты тоқтату бойынша келіссөзін қарастырады және бұл жайлы президент Путинге хабарланады. Бейбітшілік туралы келісімді екі елдің сыртқы істер министрлігі реттеген соң Путин мен Зеленский кездесуі мүмкін” деді ол келіссөзден кейін.

Бұдан бөлек, Мединский Ресейдің РИА-Новости ақпарат агенттігіне “Украина ұсынған келісім Қырым мен Донбасс аймағына жүрмейді. Ал Ресей Украинаның Еуропа одағына мүше болуына қарсы емес” деген.

Стамбулдағы келіссөз жүріп жатқан тұста Ресей тарабы Киев облысы мен Чернигов облысындағы әскери шабуылын бәсеңдететінін жариялады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз