24 сәуір күні Нұр-Сұлтандағы дарынды қыз балаларға арналған “Білім-инновация” лицейіне 6-сынып бітірген оқушыларды қабылдау емтиханы басталды. Емтихан тапсыруға қала бойынша 1478 оқушы өтініш білдірген.
Қабылдау емтиханы түске дейін және кейін екі уақытқа жоспарланған. Түске дейін 10:00-12:00 аралығында 740 оқушы тест тапсырады. Ал түстен кейін 14:00-16:00 уақытында 738 оқушы емтиханға кіреді.
Бүгінгі емтихан жөнінде Нұр-Сұлтандағы дарынды қыз балаларға арналған “Білім – инновация” лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Медет Капашев:
“Биыл лицейімізге төрт сынып оқушы қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жалпы бір сыныпта 22 оқушыдан барлығы 88- 90 оқушы шамасында болады. Бір орынға 20 шақты оқушы таласып жатыр. Тест сұрақтарын өзіміз де білмейміз. Себебі Алматыдан тікелей келеді. Жалпы тест сұрақтарының 3 нұсқасы әзірленген”- деді.
Директор орынбасары емтиханға тіркелген оқушылар арасында қала айналасынан келген балалар өте аз екенін атап өтті. Бұған мектеп жатаханасының болмауы себеп.
Тест тапсыруға келген оқушылардың бірі Меруана өз дайындығымен бөлісті:
“Менде қорқыныш шамалы бар. Дегенмен өзіме сенімдімін. Себебі екі жыл бойы өз күшімді салып дайындалдым. Маған қиыны математика, ал жеңілі қазақстан тарихы. Білім орталықтарында түсінбеген тапсырмаларды орындап, үй жұмысын жаздым”.
Оқушыларға ата-аналары, дайындаған білім-орталықтары келіп қолдау көрсетті.
“Біз осы емтихан туралы жақында білдік. Емтиханға дайындық курсын іздестірдік. Біз баламызды жан-жақты қолдауға тырысамыз. Негізі қызымның жеке таңдауы болды. Дайындықты кеш бастағандықтан келесі кезеңге өтпесек те еш өкінбейміз“.
Айта кетейік, тестілеу нәтижесі 15 күннен кейін белгілі болады. Екінші кезең 15 мамыр күні ұйымдастырылмақ.