Қазақстанда “Білім-инновация” лицейлеріне қабылдау емтиханы басталды

0
717
Емтихан тапсырып отырған оқушылар.

24 сәуірде Қазақстанда «Біліминновация» халықаралық қоғамдық қорына қарасты лицейлерге 6-сыныптан кейінгі қабылдау емтиханының бірінші туры басталды.

Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінде де таңертең сағат 10:00-де емтихан басталып кетті. Мектеп алды кептеліс, көліктен көрінбейді. Ата-аналар балаларына сәттілік тілеп емтиханға шығарып салып жатты.

Биыл дарынды ер балаларға арналған Нұр-Сұлтан БИЛ-ге емтихан тапсыруға 1720 оқушы өтініш берген. Бұл былтырмен салыстырғанда 400 оқушыға көп. Бұл білім ордасы өткен жылы 1312 оқушы қабылдаған.

Нұр-Сұлтан БИЛ директорының оқу оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Ибраимовамен биылғы емтихан және лицей туралы аз-кем әңгімелестік.

Дарынды ер балаларға арналған Нұр-Сұлтан БИЛ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Ибраимова.

Ол қабылдау емтиханы туралы ақпаратты халыққа кеңірек тарату үшін газет, әлеуметтік желі, салалық ведомстволық органдарға хабарландыру берілгенін айтты.

«Үміткерлердің қолайлы жағдайда емтихан тапсыруы  үшін екі топқа бөлдік, бірінші топтың емтиханы сағат 10.00-де басталды, екінші топ сағат 14.00-де кіреді. Бірінші топта – 872, екінші топта – 847 үміткер тест тапсырады. Оқушыларға арнап 30 аудитория дайындалды. Емтихан  уақыты 110 минут. Лицейімізге тапсыратын білімпаздар саны жыл сайын көбеюде. Бұл БИЛ-ға, білім мен тәрбие ұштасқан, құндылықтарға негізделген білім ошағына қызығушылық артып отырғанын көрсетеді деп ойлаймын. Былтыр сәуір айында жаңа ғимаратқа көштік. 2003 жылдан бері «Ең үздік олимпиадалық мектеп» марапатын үздіксіз алып келеді», деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Ибраимова.

Емтихан тапсырып қайтып бара жатқан оқушылар.

 Біз мектеп басшылығымен сөйлесіп жатқанда тест тапсырып біткен үміткерлер аудиториядан шыға бастады. Оқушылардан емтиханның қалай өткенін сұрадық.

69-мектеп гимназиясынан келген Айсұлтан Қуанышбек

«Тест жайлы бір күн қалғанда ғана естідім, дайындалдым. Қазақстан тарихына ғана дайындалып үлгердім. Емтихан жақсы өтті. Сұрақтар көбі оңай, тек математика және логикадан бір сұрақ қана қиын болды. Қосымша дайындалу үшін алдын ала ешқандай орталыққа бармадым. Мектептегі үлгерімім төрт пен бес», – дейді Айсұлтан Қуанышбек.  

88-мектептен келген Әмірхан Көкенай.

 «Емтиханға арнайы орталықта 4-5 ай дайындалдым. Мектепте үлгерімім жақсы. Сұрақтар әртүрлі оңайы да қиыны да болды. Математика және логика біраз күрделі болғанын жасырмаймын», деді 88-мектеп лицейден келген Әмірхан Көкенай.

76-мектептен келген Мансұр Мақажанов.

«БИЛ емтиханына бір ай ғана дайындалдым. Оның алдында НЗМ және РФМШ мектептерінің тестіне дайындалған болатынмын. Бүгінгі тестте қазақ тілі өте оңай болды. Қазақстан тарихынан біраз қиналдым. Менің де мектептегі үлгерімім төрт пен бес», деді 76-мектептен келген Мансұр Мақажанов.

Қабылдау комиссиясы бірінші турдың нәтижелерін 15 күннен кейін онлайн түрде www.bilemtihan.kz сайтына жариялайды.

Ата-аналар қабылдау комиссиясы берген рұқсат қағазындағы жеке кодтары бойынша сайттағы нәтижелерімен таныса алады. Тестілеудің екінші туры 15 мамырда өтеді.

Емтиханның екінші кезеңіне бірінші кезеңнен жоғары ұпай жинаған үміткерлер ғана жіберіледі.

Айта кетейік, пандемияға байланысты қатаң санитарлық жағдайлардың өзінде лицейлерге қабылдау мемлекеттік органдар рұқсатымен, ережелерге сай өткізілген. Өтінім беру биыл да онлайн ұйымдастырылған.

Нұр-Сұлтандағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицейі.

“Білім-инновация” лицейлері (бұрынғы КТЛ) Қазақстанда 1993 жылдан бастап ашыла бастады. Лицей емтиханына елдегі 6-сыныпты бітірген кез – келген оқушы тапсыра алады. Білім мен тәрбиені қатар қоятын мектептерден осы уақытқа дейін көптеген халықаралық олимпиада жүлдегерлері түлеп ұшты. Олар Қазақстанның дамуы үшін түрлі салада қызмет етіп жатыр.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз