БҰҰ бас хатшысы Мәскеуде Путинмен келіссөз жүргізді

0
297
Ресей президенті Владимир Путин және БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.

Сейсенбі күні Мәскеуге келген БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бір сағатқа жуықтаған келіссөздің негізгі тақырыбы Украинадағы жағдай болды.

Келіссөзде Владимир Путин Ресей Украинамен келісуге бейіл екенін және жағдайды дипломатиялық тұрғыда реттеуден бас тартпайтынын жеткізді. Ол Стамбулдағы келіссөздің сәтті өткенін атап өткен.

“Елеулі ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Украиналық әріптестеріміз қауіпсіздікке кепілдікті Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған шекарасы деген ұғыммен байланыстырған жоқ” деді Путин.

Стамбулдағы келіссөзден кейін Мәскеудің “арандатуға” ұшырағанын айтқан Ресей президенті бұдан соң бірнеше жүз адам қырылған Украинаның Буча қаласындағы қырғын туралы айтқан.

Ресей президентінің айтуынша, дәл осы жағдай екі ел арасындағы келіссөздерге “бөгет” болған. Ресей басшысының сөзінше, Украина әуелі Донбасс пен Қырым мәселелерін ерекше бөлмей-ақ талқылауға дайын болған, бірақ Бучадағы жағдайдан кейін оларды талқылаудан мүлде бас тартқан.

Антониу Гутерриш Түркияның екі ел басшыларының келіссөзін ұйымдастыру ниетін қолдап, сонымен бірге гуманитарлық дәліз бойынша БҰҰ-Ресей-Украина байланыс тобын құруды ұсынды.

Гутерриш келіссөз кезінде Ресейдің Украинадағы әрекетін суверенді елге басып кіру деп атады. Ал Путин Украинаға басып кіруге “мәжбүр” болғанын, Украина билігінің кесірінен Донбасс тұрғындары “оқшауланып қалғанын” айтқан.

Бұл Ресей Украинаға басып кіргелі бері БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің Мәскеуге алғашқы сапары. 26 сәуірде Гутерриш Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен де кездескен.

БҰҰ бас хатшысы Мәскеуден Киевке аттанады. Оның сапарын Мәскеуден бастауын Украина президенті Владимир Зеленский сынады. Зеленский БҰҰ бас хатшысы әуелі Ресей әскері қиратқан украин қалаларын көріп, одан кейін Мәскеуге баруы тиіс еді деп санайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз