25 мамырда Қазақстанда 170 мыңнан астам оқушы мектеппен қоштасты. Бұл ақпаратты білім және ғылым министрлігі хабарлады.
“Соңғы қоңырау – бұл мұғалімдер мен оқушылар оқу жылының қорытындысын шығарып, білім алушылардың жетістіктерін атап өтетін көңілді әрі маңызды оқиға. Биыл эпидемиологиялық жағдай мектеппен қоштасу мерекесін өткізуге мүмкіндік беріп отыр. Алайда ол міндетті түрде мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы керек. Білім беру ұйымдары барлық қажетті ұсыныс мен нұсқауды алды. 2022 жылы елімізде 3,5 млн-нан астам оқушы үшін соңғы қоңырау соғылады. Биыл “Алтын белгі” төсбелгісіне 8 139 түлек үміткер. Тағы қоса кетерім, жыл сайын 1 қыркүйек немесе 25 мамыр қарсаңында қоғамда “Мұғалімге гүл сыйлауға бола ма және бұл заң бұзушылық болып саналмай ма?” деген сұрақ туындайды. Біздің ұстанымымыз – иә, болады. Бұл жақсы дәстүр ғой”, – деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова.
Айта кетейік, мектептерде аттестат тапсыру рәсімі 16-17 маусымда өтеді.