5 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтандағы Оқушылар сарайы ғимаратындағы учаскеде дауыс берді.
Оқи отырыңыз: Қазақстанде референдум басталды
Ресми ақпарат бойынша, бүгін 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді. Елде дауыс беруге құқығы бар 12 миллионнан астам азамат бар.
Сайлаушылар бұл референдумда Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізуге байланысты дауыс береді. Олар дауыс беру бюллетеніндегі “2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған “Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?” деген жалғыз сұраққа “иә” немесе “жоқ” деп жауап береді.
Қазақстан заңы бойынша, сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беруге қатысқан жағдайда референдум өткен болып саналады.
ОСК-ның хабарлауынша, референдум барысын 25 елден және 11 халықаралық ұйымнан келген 272 шетелдік бақылаушы қадағалайды. Бұл осыған дейін елде өткізіліп келген сайлаулармен салыстырғанда әлдеқайда аз. 2019 жылы маусымда өткен президент сайлауына мыңнан астам, ал 2021 жылы парламент сайлауы кезінде 400-ге жуық бақылаушы болған еді.
Референдум туралы заң бойынша, егер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жақтап дауыс берсе, ол қабылданды деп есептеледі.
Үкімет референдум өткізуге бюджеттен 16,4 млрд теңге қаражат бөлетінін мәлімдеген.