27 маусым Бакуде өткен Қазақстан, Әзербайжан және Түркия Сыртқы істер министрлері мен көлік министрлерінің үшжақты кездесуінде тараптар көлік-логистика саласындағы, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабаралды. 

Жиынға Қазақстаннан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты.

Кездесуде ауқымды геосаяси трансформация жағдайында сауда-экономикалық, транзит-көліктік және энергетикалық ынтымақтастықты кеңейтудің бірлескен тәсілдері қарастырылды.

Мұхтар Тілеуберді Әзербайжан мен Түркия Қазақстан үшін өңірдегі негізгі саяси және экономикалық әріптестер екенін атап өткен.

“Коронавирус пандемиясы кезінде өзара саудадағы экономикалық белсенділіктің бәсеңдеуіне қарамастан, қазіргі уақытта бұрынғы қалпына келтіру және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін елеулі әлеуетіміз бар”, – деді Қазақстан сыртқы істер министрі.

Кездесуге қатысушылар өңірдегі теміржол желілері мен мұнай құбырлары сияқты бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Еуропалық бағыттағы мүмкіндіктердің шектелуі жағдайында Каспий теңізі – Қара теңіз желісі бойынша маршруттар ерекше мәнге ие болады. Министрлер көлік көлемін ұлғайту порттардағы техникалық және тарифтік шарттарды уақтылы жаңғыртуды талап етеді, бұл барлық сауда-экономикалық ынтымақтастықтың драйвері болады деген пікірге келді.

Осы кездесуге қатысушы елдердің транзиттік әлеуетін арттыру үшін аса маңызды мағынасы бар Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар көлік әлеуетін дамыту жөніндегі негізгі бағыттарға деген көзқарастардың біртұтастығын қанағаттанушылықпен атап өтіп, үкіметтік деңгейде тікелей байланыстарды қарқындатуға өзара мүдделілікті растады.

Келесі кездесу биыл күзде осы форматта Қазақстанда өтеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз