Атыраулық алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ришат Ғалиахметов гір спортынан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жарыс Үндістанның Нью-Дели қаласында 27 қазан мен 1 қараша аралығында өткен. Оған 13 елден 234 спортшы қатысқан.
Ришат Ғалиахметов Қызылқоға ауданындағы Қаракөл орта мектебінде АӘД пәні мұғалімі болып жұмыс істейді. Мұғалім кейінгі 10 жыл бойы гір көтеру спортымен айналысып келеді.
“Әкем дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Мен оның ізін жалғастырып келемін. Мен де әкем сияқты балаларды салауатты өмір салтын ұстануға баулығым келді. Ал ол үшін алдымен өзім белсенді болуым керек. Міне гір көтеру спортымен 10 жылдан бері айналысып келемін. Гір көтеруден әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғап, тағы да жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазір бірнеше шәкіртім менің жолымды қуып келеді. Олар Қазақстан чемпионатына қатысып жүр”, – дейді Ришат Ғалиахметов.
Бұған дейін Ришат Щучинск қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, алтын медаль жеңіп алған.