Украина мен Ресей тағы тұтқын алмасты. Украин жағына – 107, дәл сонша әскери қызметкер Ресей жағына оралды, деп мәлімдеді Украина пезиденті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак. Тұтқын алмасу болғанын Ресей қорғаныс министрлігі де хабарлады.
Украинаға оралған 107 адамның 101-і – қатардағы жауынгер немесе сержант, алтауы – офицер. 74-і Мариупольдағы “Азовсталь” зауытын қорғаған.
“Біз соғыста жараланған көп адамды қайтара алдық. Атап айтқанда, Мариупольде ауыр жараланған “Азовстальдағы” жігіттерімізді қайтардық. Аяқ-қолдарынан айырылған, денелері күйген, жараларына инфекция түскен адамдар бар. Еленовка колониясындағы жарылыста жараланған жауынгер бар” деді Андрей Ермак.
Ресей қорғаныс министрлігі тұтқында болған азаматтары жөнінде ақпарат жарияламады.
“Босатылғандар Ресей әуе ғарыш күштеріне қарасты әскери көлік авиация ұшақтарымен Мәскеуге емдеуге жеткізіледі. Олардың барлығына қажетті медициналық, психологиялық көмек көрсетіледі” деп хабарлады Ресей қорғаныс министрлігі.
26 қазанда Украина мен Ресей тұтқын алмасып, бір-біріне он әскери қызметкерді тапсырған. Ресей сонымен бірге Украина жағында соғысып, 23 тамызда қаза тапқан АҚШ армиясының ардагері, америкалық ерікті Джошуа Алан Джонстың да мәйітін берген.
Өткен айдың ортасында Украина 108 әйел әскери қызметкерін қайтарған. Арасында “Азовстальдан” эвакуацияланған 37 әйел бар. Қайтарылғандардың 11-і – офицер, 85-і – қатардағы жауынгер мен сержант.