Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгумен кездесті

0
143

Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бастаған делегация Корей соғысындағы жеңістің 70 жылдығын тойлауға арналған салтанатты шараға қатысу үшін КХДР-ға барды. Сапар аясында Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда Сергей Шойгу бастаған ресейлік әскери делегациямен кездесті. 

Кездесу барысында Ресей қорғаныс министрі Ким Чен Ынге Владимир Путиннің жеке жолдауын тапсырып, тараптар бірімен сыйлықтар алмасты.  

Сондай-ақ, екі ел арасындағы аймақтық және халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты. Талқыланған мәселелер бойынша екі тарап ортақ келісімге келді.

Ким Чен Ын мен Шойгу Пхеньяндағы 2023 қару-жарақ көрмесін де аралады. Сергей Шойгумен әңгімелесу барысында Ким Чен Ын «империалистік зорлық-зомбылық пен озбырлыққа» қарсы күресте тараптарды қызықтыратын мәселелер бойынша өз пікірін білдірді. КХДР басшысы «Ресей армиясы мен халқы күшті мемлекет құру жолындағы күресте үлкен табыстарға жететініне» сенім білдірді.

Сонымен қатар, Ким Чен Ын Ресей қорғаныс министріне соңғы үлгідегі ұшқышсыз ұшақтар мен құрлықаралық баллистикалық зымырандарды көрсетті. Мұны Орталық телеграф агенттігі жариялаған фотосуреттер растайды. Суреттерде бұрын-соңды болмаған кем дегенде екі дрон көрсетілген. Олардың сыртқы дизайны американдық MQ-9 Reaper және Global Hawk барлау ұшқышсыз ұшақтарына ұқсас. Сондай-ақ фотосуреттерде КХДР осы жылдың сәуір және шілде айларында сынақтан өткізген құрлықаралық баллистикалық «Хвасон-17» зымыраны мен қатты отынмен жұмыс істейтін соңғы «Хвасон-18» зымыраны да көрсетілген.

Айте кетейік, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу бастаған делегацияның сапары бүгін, 27 шілдеде аяқталады.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз