Ұстаз деген ұлы мамандыққа өмірінің соңына дейін адал қызмет еткен жандар туралы айтылып та жазылып та жүр. Дегенмен аурухана төсегінде хал үстінде жатса да шәкірттерінің жұмысын тексеріп, баға қойған бұл ұстаздың әрекеті тебірентпей қоймайды.
Ұстаздың қызы Сандра Венегас әкесінің аурухана төсегінде жатып студенттерін бағалап жатқан суретін ол дүниеден өтерден бір күн бұрын түсіріп алған. Қызының айтуынша, ұстаз жан сақтау бөліміне түсетінін сезгендей ауруханаға шығарда ноутбугы мен қуаттағышын сөмкесіне салып алған көрінеді.
Өз ісіне жан-жүрегімен берілген ұстаз әкенің әрекеті қызына қатты әсер еткен. Қызы Сандра Венегас суретті әлеуметтік желіге бөліседі. Ертеңіне ұстаз бақиға аттанды, оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең тарады.
“Ұстаздар өз жұмысына қосымша өте көп уақыт арнайды. Оны көп адам елеп, ескере бермейді. Тіпті пандемия кезінде, денсаулығы сыр берген уақыттарда да ұстаздар әрдайым өз қызметін тиянақты атқаруды ғана ойлайды”, – деп жазды қаза тапқан ұстаздың қызы Сандра Венегас әлеуметтік желідегі парақшасында.