Әлеуметтік желіде Қызылорда облысындағы мектептің екі мұғалімі Түркиядағы трансвеститтер түнгі клубына барған деген хабар тарады. Кейін екі мұғалімнің де жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Қызылорда облыстық білім басқармасы 2 мұғалімнің жұмыстан шығарылуының негізгі себебін атады.
Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, мұғалімдердің өздері арыз жазып, жұмыстан шыққан.
«Басқармаға қарасты Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы №250 мектеп-лицейінде жұмыс істеген мұғалімдер ақысыз демалыс алған күндерінен бөлек, 2-5 жұмыс күндері аралықтарында белгісіз себептермен, ескертусіз жұмыстан қалған. Сол себепті ҚР Еңбек кодексінің 49-бабы, 5-тармағына сәйкес, өз арыздарымен жұмыстан босатылғандығын жеткіземіз», – деді ведомстводан.
Еске сала кетейік, білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов Фейсбук парақшасында түнгі клубта жүргенін әлеуметтік желіде жариялаған екі мұғалім жұмыстан босатылғанын жазған болатын.
«Қысқы демалыс уақытында Түркияның түнгі клубтарының бірінде қыдырып жүрген Қызылорда облысының екі мұғалімінің әлеуметтік желілердегі жарияланымдары ата-аналар қауымының наразылығын тудырды. Педагогтер жұмыстан босатылды», – деп жазған болатын ол.