Kaspi.kz негізгі акционерлері бағалы қағаздарын америкалық NASDAQ биржасында орналастыру барысында шамамен 1 миллиард доллар табыс тапты. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Бұл – компанияның Лондон қор биржасындағы (LSE) депозитарлық қолхаттары бағасына негізделген алдын ала болжамнан 127 миллион доллар артық.
IPO барысында Kaspi.kz иелері әр акцияны 92 доллардан, жалпы саны 11,3 миллион америкалық акция сатты. Олар кейін компанияның жай акцияларына айырбасталды. SEC ұйымына жіберілген хабарламада 9 миллион бағалы қағаз орналастыруға ниетті екені жазылған еді.
Бұған дейін айтылған 873 миллион доллар , бір акцияның нарықтағы бағасы – 97 долларға негізделген. Осылайша, Kaspi.kz акцияларының құны төмен болғанымен, ол сатылған акция көлемімен өтелді. Сонымен қатар IPO-дан кейін холдингтің жалпы құны бастапқы 18 млрд доллардан 17 млрд долларға дейін төмендеген.
Компания акционерлері NASDAQ биржасындағы IPO-сында жаңа акция шығармады және капиталын ұлғайтпады. Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Baring Vostok құрамына кіретін Asia Equity Partners қоры өз акцияларының бір бөлігін қор биржасына шығарды. Осылайша, барлық кіріс Kaspi.kz иелеріне түседі.
Kaspi.kz акционерлері тапқан табыс желтоқсан айының соңында SEC-ке берілген өтініште көрсетілген сомадан 10 есе көп.
Кaspi.kz АҚШ-та депозитарлық қолхат орналастыру ниетін алғаш рет қазан айында жариялады. Алайда қанша қағаз шығарылатыны, олардың қандай биржада орналастырылатыны нақтыланбаған.
2023 жылдың желтоқсанында компания АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына (SEC) NASDAQ тізіміне кіруге өтініш берген.
Kaspi.kz 2020 жылдың қазан айында Лондон қор биржасында IPO өткізді. Акциялардың шамамен 15%-ын орналастыру кезінде компания акционерлері $1 млрд тартты.
Компанияның акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE), ал әлемдік депозитарлық қолхаттар LSE-де саудаланады. Компанияның капиталдандыруы шамамен 18 миллиард долларды құрайды.
1 қаңтардағы жағдай бойынша, Baring Vostok қорына компанияның 26,13% жай акциясы, Михаил Ломтадзеге – 23,42% және Вячеслав Кимге – 22,27% пайызы тиесілі.
Өткен жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Kaspi.kz 601 млрд теңге табыс тапты. Бұл сома бір жыл бұрынғыдан 50%-ға артық. Компания өсімнің негізгі драйверлері ретінде төлем бағытын, нарықты және финтех қызметтерін атады.