Оқу-ағарту министрлігі мен TikTok компаниясы #ҚазақстанМұғалімдері байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Алматы қаласы, Павлодар мен Жетісу облыстарынан келген үш педагогке соңғы үлгідегі смартфондар тарту етілді.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен TikTok платформасы өткен жылдың қараша айында #Қазақстанмұғалімдері немесе #УчителяКазахстана ортақ хэштегімен педагогтерге арналған креатив байқау өткізген. Онда педагогтерге пайдалы лайфхактардан бастап күнделікті ағартушылық қызметтен сторителлингтерге дейінгі роликтерді жариялау қажет болды.

Айта кету керек, биыл жоба одан да ауқымды болып, байқауға мектеп мұғалімдері де, колледж оқытушылары да қатыса алды. Барлығы #Қазақстанмұғалімдері және #УчителяКазахстана жобасының ресми хэштегтері бойынша қаралым саны 800 миллионнан асты.

Байқау қорытындысы бойынша «TikTok 2023 мұғалімі» номинациясы бойынша Алматылық физика пәні мұғалімі Хайдар Мырзахметов, «Мұғалім-жаңалық» номинациясы бойынша – Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Достық ауылының 30 жылдан астам еңбек өтілі бар орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, педагог-зерттеуші Ботагоз Омарова, ал «Үздік бейнеролик» номинациясында Павлодарлық жас бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші Игорь Гноевой жеңімпаз атанды.

«Мұғалім болу – бұл мәртебелі қызмет. Өзімнің бейнероликтерімде мамандығымыздың қаншалықты маңызды екенін және ең бастысы балалармен ортақ тіл таба білу қажеттілігін көрсеткім келді. Өйткені, балалардың белгілі бір пәнге қызығуы сабақтың, тапсырмалардың қызықты берілуіне байланысты», – деді павлодарлық мұғалім.

Жеңімпаздарды Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен TikTok өкілдері құттықтап, IPhone 15 Promax смартфондары мен алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ жоба жеңімпаздары министрліктің жаңа жобаларына шақырту алды.

 «Цифрландыру дәуірінде педагогтерге балалардың назарын аударту қиынға соғатыны белгілі. Қазір білімге қатысты контентті танымал ету бұрынғыдан да маңызды. Оқыту процесінде осындай шығармашылық тәсілдерді қолдану мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыруға көмектеседі. Біздің педагогтардың ғылымды, мектеп пәндерін дәріптеу жөніндегі бастамалары TikTok жетекші платформасының өкілдері тарапынан қолдау тапқаны қуантады», – деп атап өтті Ғани Бейсембаев.

Кездесу соңында Қазақстанның барлық креатив педагогтарының қатысуымен ірі іс-шара өткізу туралы шешім қабылданды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз