Жастар арасындағы патриотизм: ішкі сенім бе, әлде таңылған ұғым ба?

0
62
фото: google

Қазіргі кезде жастар арасында патриотизм ұғымы жиі талқыланатын тақырыптардың біріне айналды. Жас ұрпақ өз елінің дамуына, салт-дәстүрінің сақталуына үлес қосуға талпынып жүр. Алайда осы әрекеттер шынайы ішкі сенімнен туындай ма, әлде көпшіліктің ықпалы мен қалыптасқан көзқарастың нәтижесі ме деген сұрақ туындайды.

Атамекенге деген сүйіспеншілік ұрандармен, қағаз жүзіндегі міндеттермен немесе формалды талаптармен өлшенбеуі тиіс. Егер патриотизм тек міндет ретінде қабылданса, онда ол шынайы махаббаттан алшақтайды. Көп жағдайда қоғамда патриотизм деген ұғым ту мен әнұранды жатқа білумен ғана шектеліп жатады. Алайда бүгінгі жастар бұл түсінікті кеңірек қабылдай бастады. Олар патриотизмді елдегі білімнің қолжетімділігімен, заңның әділдігімен, қоғамдағы мүмкіндіктердің теңдігімен байланыстырады.

Педагогтар, психологтар және әлеуметтанушылардың пікірінше, жастар арасындағы патриотизм тек ішкі сенімнен туындаған жағдайда ғана тұрақты болады. Егер жасөспірім өзін қоғамның маңызды мүшесі ретінде сезініп, оның пікірі ескерілсе және қабілетін дамытуға жағдай жасалса, патриоттық сезім табиғи түрде қалыптасады. Мұндай патриотизм мәжбүрлеуді емес, саналы таңдауды білдіреді.

Оған нақты мысал ретінде спорт саласындағы жетістіктерді айтуға болады. 2024 жылы Париж Олимпиадасы барысында қазақстандық спортшылар ел намысын абыроймен қорғады. Елдос Сметов дзюдо спортынан алтын медаль жеңіп алса, Нұрбек Оралбай бокстан күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жеңістер жастарға патриотизмнің сөзбен емес, іспен дәлелденетінін көрсетті.

Қорытындылай келе, бүгінгі басты міндет – жастарға патриотизм сезімін күштеп таңу емес, елдің болашағына өз үлесін қоса алатындай мүмкіндік беру. Сонда ғана патриотизм сыртқы талап емес, ішкі сенімге айналады.

Жанель Ражанова,
10-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз