Кейде адам айналасына жай ғана көз жүгіртіп, қоғамда болып жатқан өзгерістерді байқайды, бірақ оған араласуға нақты себеп таба алмайды. Уақыт өте келе бір нәрсені өзгерткісі келеді, алайда неден бастарын білмей қиналады. Осындай сәттерде адам өзіне: «Мен қоғам үшін не істей аламын?» деген сұрақ қояды.
Жастардың көпшілігі бұл сұраққа дайын жауаппен келмейді. Бірі жаңа істі байқап көреді, бірі достарының соңынан еріп, тағы бірі кездейсоқ қоғамдық жұмыстарға араласады. Дегенмен дәл осы қарапайым қадамдар кейін үлкен тәжірибеге айналады. Уақыт өте келе адам қоғамның бір бөлігі екенін сезініп, өзінің ортадағы орнын түсіне бастайды.
Осы ойлар жастар арасындағы волонтерлік қызметтің маңыздылығын көрсетеді. Еріктілік – көзге көрінбейтін, бірақ қоғам үшін өте маңызды істердің бірі. Статистика бойынша еріктілікпен көбіне жастар айналысады. Олардың жұмысы әртүрлі болуы мүмкін: сенбілікке қатысу, мәдени іс-шараларда немесе жарыстар мен концерттерде көмек көрсету. Мұндай тәжірибе адамның жеке тұлға ретінде дамуына ықпал етеді.
Еріктіліктің пайдасы өте көп. Әр түрлі іс-шараға қатысу арқылы адам жаңа адамдармен танысып, қарым-қатынас жасау қабілетін дамытады. Сонымен қатар, еріктілік адамның ашық болуына, көшбасшылық қасиеттерінің қалыптасуына әсер етеді.
Қазіргі таңда «волонтерлік сағаттар» ұғымы да кең таралған. Мұндай сағаттар болашақта жоғары оқу орнына түсу кезінде ескерілуі мүмкін. Кейбір ұйымдар еріктілерге ұсыным хаттарын жазса, енді бірі әрбір іс-шара үшін мақтау қағаздарын береді. Халықаралық ұйымдарда еріктілікпен айналысу ерекше мүмкіндік болып саналады. Мысалы, UNICEF – балалар құқығын қорғауға бағытталған халықаралық ұйым. Сондай-ақ Астана жастары қалалық жастар арасында белсенді жұмыстар атқарады. Ал Жас Ұлан ұйымы жастардың дамуына қолдау көрсетеді.
Жаз мезгілінде еріктілік арқылы қосымша табыс табу мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл жастарға тәжірибе жинақтап қана қоймай, қаржылық жағынан да пайдалы болуы мүмкін.
Қорытындылай келе, еріктілік – бос уақыт өткізу емес, өз болашағына жасалған маңызды қадам. Ерікті болу арқылы адам қоғамға пайда әкеліп қана қоймай, өзінің де жан-жақты дамуына жол ашады.
Алуа Авчкур, 10-сынып оқушысы


























































