Жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігі

0
5
фото: google

Таңертең оянған бойда телефонды қолға алу, әлеуметтік желідегі хабарламаларды тексеру, бос уақыттың көп бөлігін экран алдында өткізу – бүгінде көптеген жасөспірімнің күнделікті әдетіне айналды. Кейде тіпті бір күн интернетсіз қалу қиын болып жатқан жағдайларды көреміз. Осындай көріністерді жиі байқасам, жасөспірімдердің әлеуметтік желіге тәуелділігі XXI ғасырдағы ең өзекті мәселелердің біріне айналғанын түсінемін.

Менің ойымша, әлеуметтік желінің пайдасы да аз емес. Ол адамдардың бір-бірімен байланыс орнатуына, жаңа ақпарат алуға, білімін толықтыруына және шығармашылығын дамытуына мүмкіндік береді. Дегенмен, оны шектен тыс пайдалану көптеген қиындықтарға әкеліп соғады. Кейбір жастар уақытын тиімді жоспарлай алмай, сабаққа көңіл бөлмейді, жақындарымен сөйлесуге уақыт таппай жатады. Уақыт өте келе бұл олардың жауапкершілігіне, ойлау қабілетіне және денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе, ұзақ уақыт телефонға қарау нәтижесінде көздің көру қабілеті әлсіреп, ұйқы бұзылады.

Кейде әлеуметтік желі адамға байқатпай тәуелділік қалыптастырады. Мысалы, кейбір жасөспірімдер сабақ оқып отырған кезде телефонға келген бір ғана хабарламаны көремін деп, бірнеше минутын әлеуметтік желіде өткізіп алады. Сол бірнеше минут бірте-бірте сағаттарға айналып, маңызды істер кейінге шегеріледі. Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі әдемі өмірді көрсететін суреттер мен бейнероликтерді үздіксіз көру кейбір жастардың өз-өзіне деген сенімін төмендетеді. Олар өз өмірін өзгелермен салыстырып, өздерін бағаламай бастайды. Сондықтан әлеуметтік желіні қалай пайдалану керектігін әр жас қазірден бастап үйренуі керек деп ойлаймын.

Меніңше, мәселе әлеуметтік желінің өзінде емес, оны қалай қолданатынымызда. Егер адам уақытын дұрыс бөліп, әлеуметтік желіні тек қажетті кезде пайдаланса, оның пайдасы әлдеқайда зор болады. Ал егер ол өмірдің басты бөлігіне айналса, болашаққа кері әсерін тигізуі ықтимал.

Қорытындылай келе, әлеуметтік желі қазіргі өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен, оны шектен тыс пайдалану жасөспірімдердің болашағына кері әсерін тигізеді. Сол себептен әр адам уақыттың қадірін біліп, әлеуметтік желіге емес, өз біліміне, дамуына және шынайы өміріне көбірек көңіл бөлгені дұрыс.

Абдурахим Орынтай, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз