Эмоционалды интеллект: неге ол IQ-дан маңыздырақ?

0
7
фото: google

Сіз өміріңізде жылағанда жаныңыздан табылып, ал қуанышыңызды сізбен бірге бөлетін адамдарды кездестірдіңіз бе? Әр адамның өмірінде осындай ерекше жандар болады. Олар сырт көзге қарапайым көрінгенімен, өзгелердің көңіл күйін дәл сезініп, дұрыс қолдау көрсете алады.

Осындай қабілет эмпатия ұғымымен тығыз байланысты. Эмпатия – бұл басқа адамның эмоциясын түсіну, сезіну және оған сәйкес әрекет ету қабілеті. Ол тек аяушылық емес, адамның ішкі күйін қабылдай білу және эмоционалдық байланыс орнату болып табылады. Психологияда эмпатия эмоционалды интеллекттің негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады.

Эмоционалды интеллект – адамның өз эмоцияларын басқару, басқалардың сезімін түсіну және әлеуметтік ортада тиімді қарым-қатынас орнату қабілеті. Ал IQ – логикалық ойлау, есеп шығару, ақпаратты талдау сияқты интеллектуалды дағдыларды өлшейтін көрсеткіш. Яғни, IQ адамның “қаншалықты ақылды” екенін анықтаса, эмоционалды интеллект оның адамдармен қалай қарым-қатынас жасайтынын көрсетеді.

Мысалы, адам қиын жағдайға тап болып, көңілі түсіп, жылап отыр делік. Мұндай сәтте жоғары IQ-ы бар адам мәселені логикалық тұрғыдан талдап, нақты шешім ұсынуы мүмкін. Алайда эмоционалды интеллекті дамыған адам ең алдымен сол адамның көңіл күйін түсініп, оған психологиялық қолдау көрсетеді, оны тыңдайды және жанында екенін сезіндіреді.

Зерттеулерге сәйкес, жоғары IQ әрдайым өмірдегі табысқа кепіл бола бермейді. Мысалы, кейбір адамдар күрделі есептерді оңай шешкенімен, ұжымда жұмыс істеуде немесе қарым-қатынас орнатуда қиындықтарға тап болады. Ал эмоционалды интеллекті дамыған адамдар керісінше, адамдармен тіл табысып, қақтығыстарды тиімді шешіп, көшбасшылық қабілеттерін көрсете алады. Статистикалық деректерге сүйенсек, кәсіби жетістікке жетудің едәуір бөлігі (70–80%-ға дейін) дәл осы эмоционалды дағдыларға байланысты екені анықталған.

Ғалымдардың пікірінше, эмоционалды интеллект – табысты өмірдің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Психологтар бұл қабілет адамның әлеуметтік бейімделуін арттырып қана қоймай, оның ішкі тепе-теңдігін сақтауға көмектесетінін дәлелдейді. Сондықтан қазіргі білім беру жүйесінде де тек академиялық білімге емес, эмоционалды дағдыларды дамытуға басымдық беріле бастады.

Эмоционалды интеллекттің белгілеріне өз эмоциясын түсіне білу, өзгенің сезіміне назар аудару, жанжал кезінде сабыр сақтау және адамдармен оңай тіл табысу жатады. Мұндай қасиеттер адамның тек жеке өмірінде емес, кәсіби ортада да табысты болуына ықпал етеді.

Сонда эмоционалды интеллект шынымен IQ-дан маңыздырақ па? Және сіз өзіңізде эмпатия мен эмоционалды интеллекттің осындай белгілерін байқап көрдіңіз бе?

Жанайым Сейдалхан, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз