Білімді жастар – дамыған елдің кепілі

0
6
фото: google

Қазіргі жастар шынымен ел болашағын қалыптастыра ала ма? Әлде олар тек технологияға тәуелді, жауапкершілігі төмен буын ба?

Жастар – елдің үштен бір бөлігін қамтитын, қоғамның ең белсенді, әрі өзгеріске бейім бөлігі. Әдетте жастар деп 14 пен 35 жас аралығындағы адамдарды айтамыз. Бұл кезең – адамның білім алып, өзін қалыптастырып, өмірлік бағытын анықтайтын ең маңызды уақыт. Сондықтан да, кез келген мемлекеттің дамуы ең алдымен оның жастарына байланысты.

Білім – қоғам дамуының негізгі факторы. Білімді жастар экономиканың, ғылымның және мәдениеттің алға жылжуына ықпал етеді. Білімді жастар жаңа идеялар ұсынып, экономиканың әртүрлі саласында тиімді шешімдер қабылдай алады. Мысалы, жоғары білім алған жас мамандар медицина, инженерия немесе білім беру саласында жұмыс істеп, қоғам сапасын арттыруға үлес қосады. Статистика бойынша, білімі төмен адамдарға қарағанда, білім деңгейі жоғары адамдардың еңбек өнімділігі едәуір жоғары болады.

Сонымен қатар, технологиялық даму жастардың белсенді қатысуын талап етеді. Қазіргі цифрлық әлемде ақпаратпен жұмыс істей алу, жаңа құралдарды меңгеру – қазіргі заманның басты сұраныстарының бірі. Мысалы, IT саласында жұмыс істейтін жас мамандар жаңа қосымшалар мен бағдарламаларды жасап, қоғам өмірін жеңілдетуде. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, XXI ғасырдағы мамандықтардың 60%-дан астамы технологиямен тікелей байланысты.

Ал еңбек нарығының өзгеруі жаңа мамандықтардың пайда болуына алып келуде. Бұл жағдай жастардан тек білім алып қана қоймай, үнемі өзін жетілдіруді талап етеді. Мысалы, соңғы жылдары SMM маман, data-аналитик, жасанды интеллект маманы (AI) сияқты мамандықтар кеңінен таралып, жоғары сұранысқа ие болды. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы жылдары қазіргі мамандықтардың 15%-35%-ы мүлде жойылып, 70% -ы өзгеріп,жаңа бағыттар пайда болады.

2022–2023 оқу жылының басындағы мәліметтерге сәйкес, студенттердің 65,2%-ы орта білім негізінде оқуға түскен, ал 21%-ы техникалық білім базасында қабылданған. Бұл көрсеткіштер жастар арасында білім алуға қызығушылықтың бар екенін көрсеткенімен, олардың барлығы бірдей саналы түрде білім жолын таңдай бермейді. Көптеген жастар мамандықты терең түсінбей, тек “оқу керек болған соң” ғана таңдайды, соның нәтижесінде кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер саны да артып отыр.

Сондықтан білім алу – тек диплом үшін емес, болашақты саналы түрде құрудың негізі екендігін түсіну маңызды. Жастар өз бағытын дұрыс анықтап, білімге жауапкершілікпен қарағанда ғана жеке жетістікке жетіп қана қоймай, елдің дамуына да нақты үлес қоса алады.

Жанайым Сейдалхан, 11-сынып оқушысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз